2.08.2018, 12:12
Қараулар: 552
Бұлдырты жағасындағы жастық мерекесі

Бұлдырты жағасындағы жастық мерекесі

Сырым ауданында «Достығымыз жарасқан!» атты Сырым және Қаратөбе ауданы жастарының ашық аспан астындағы форумы аяқталды. Сарой ауылдық округінің аумағындағы Бұлдырты өзенінің жағасынан тігілген этно-ауылда өткен екі күндік форумда қос ауданның қоғамдық қызметте белсенді, өз салаларындағы үздік жастары бас қосып, олар өзара қоғамдық сананы ұлттық тәрбиенің негізінде қалыптастыру жөнінде пікір алмасты.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру тек жиналыс жасай берумен шектелмейтіні белгілі. «Рухани жаңғыру» қазақ қоғамына жаңалық жасауды емес, ұлттық ерекшеліктерді жаңғыртуды талап қылып қойып отыр. Ерекшелік дегеннен шығады, кешегі форумда  ұлттық ерекшеліктеріміздің екінші тыныс алуы деп атап өтуге тұратын жақсы бастамаларға куә болдық. Мысалы кеше форум аясында өңірімізде тұңғыш рет қой союдан жарыс өтті.  Жарысқа қатысушы жігіттер қойды бауыздау, терісін сыпыру және жіліктеу жағынан шеберлік байқасса, қыздар өз арасында қойдың ішек-қарынын тазалаудан тәжірибелік сағат ұйымдастырды. Қой союдың әдісін әбден меңгерген сырымдық Сәлімжан Әубәкіров жарыс жеңімпазы атанды. Басқа форумдарда дәстүрге айналған тренинг, секциялық отырыс деген нәрселерді кешегі шарада садақ тарту, асық ату, аударыспақ, арқан тартыс, бұқа тартыс сияқты ұлттық ойындар алмастырды.

Кешке жақын форум делегаттары халықаралық журналист, теле­жүргізуші, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, азаматтық қоғамның өкілі Қанат Әуесбаймен кездесті. «Жас Отан» Жастар Қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жүргізген кездесу Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев және Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының қоғамдық жұмыс, мәдениет және спорт салалары бойынша тығыз байланыста екені әуелден белгілі. Форум спикері, журналист Қанат Әуесбай өзінің сөзінде, осы жақсы бәсекелестік жағдайын әрі қарай дамытуға шақырды. Жастар форум қонағына қазақстандық қоғамдағы медианың ахуалы, журналистика мәселелері туралы сауалдар қойды.

Бүгінгі қазақ телевизиясында арзанқол, тіпті арсыздықты насихаттайтын, ұлттың болмысына бөтен дүниелердің көбейіп кетуі кәдімгідей мәселеге айналып тұр. Бұл туралы Қанат Әуесбай мынадай пікір білдірді:

–        Бұл сынның негізі жоқ емес. Бар. Бірақ, бұл жерде арзан мазмұнды бағдарламаларға сұраныс туғызып отырған – сол қоғамның өзі екенін де ұмытпайық. Сауданың қарапайым қағидасы бар ғой, тұтынушы нені көп сұрайды, саудагер соны сатады. Сондықтан, біздің экранымыз ессіз бағдарламалардан, бір сарынды әншілерден тазаруы үшін, халық олардан жалығуы керек. Сұраныс болмауы керек.

–        Журналистика – нәзік    мамандық. Шерхан Мұртазаның айтқанындай, шындық айту – шырқ бұзу емес. Журналистің шындығы нәтижелі іске бастауы керек. «Мақтамен бауыздау» деген тәсіл бар. Жас журналистерді сол тәсілді игеруге шақырамын. Мен өзім сол тәсілді қолданушымын. – деді ол жас журналистерге берген кеңесінде.

Кездесуден кейін Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының «Достығымыз жарасқан!» атты форумы салтанатты түрде ашылды. Салтанатты ашылу шарасы қос ауданның көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Бұлдырты өзенінің жағасындағы жастық мерекесі қас қарая өзінің алауын тұтатты. Әсерлі әңгіме мен әдемі әннің ортасына айналған алаудың басында Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев және Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев кейінгі буынмен маман болу емес адам болу жайында, табыс табу емес, еңбек ету жайында әңгімелесті.

Келесі күні форум делегаттарына сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, жастар форумы Қаратөбе және Сырым ауданы әкімдіктерінің қолдауымен, екі ауданның жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары және «Сырым жастары», «Мұхит жастары» жастар қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен өтті.

 

Әуесбайдың Қанаты форум туралы:

 

—        Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының «Достығымыз жарасқан!» атты форумы замандастардың пікірлер алаңына айналды деп ойлаймын. Бүгін әрбір жас өзінің идеялас, мақсаттас адамын тапты. «Бір адам мың адамға олжа салады» деген сөз бар. Бір пікір, бір сөздің өзі көп жұмыстарға себеп болу, көп нәтиже беру мүмкін ғой. Мен де құр қайттым деп ойламаймын, біраз идея, біраз пікірді өзім де естідім. Жастарда ортақ мүдде бар, сол қуантады.

Осындай еркіндіктің желі ескен жақсы шаралар Батыс Қазақстанның басқа аудандарының жастарын біріктірсе қандай ғанибет?

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Фотоларды түсірген: Ақеділ НҰРМАШЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар