9.08.2018, 17:04
Қараулар: 109
Жымпитыдағы жолшылар мектебі

Жымпитыдағы жолшылар мектебі

Тамыз айының екінші жексенбісі күні құрылысшылар қауымы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл мереке жолшыларға да ортақ. Бүгін біз аудандағы жолшылардың үлкен мектебіне айналған, 60 жылдық тарихы бар «Қазақавтожол» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық филиалының Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімінің тынысы туралы айтпақпыз.

№39 жол пайдалану бөлімінің негізгі міндеті — Самара–Шымкент халықаралық автомагистралінің 200 шақырымын күтіп ұстау. Күтіп ұстау деген міндеттің ішінде, жол белгілерін жаңарту, жолды мұздан, қардан тазарту, жолдың жиегін таза ұстау, жолдардың астындағы шүмектерді тазалау сияқты қыруар жұмыс кіреді. Бұған қоса, жолда қалған жолаушыларға арналған екі бірдей жылыту пунктінің жұмысы да осы бөлімнің мойынында. Аудан орталығындағы пунктте дәрігер жұмыс жасайды.

Бөлімнің басшысы Берік Бисалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Самара–Шымкент тас жолы халықаралық жүк тасымалының «тамырына» айналыпты. Сәйкесінше, көлік ағыны да айтарлықтай артқан. Қазірдің өзінде Сырым ауданының орталығы Жымпитының үстінен күніне 3500 – 4000-ға жуық көлік өтеді екен.

–        Біздің жолды көптеген шетелдік көліктер, оның ішінде РФ, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттердің көліктері жиі пайдаланады. Оларға еуростандарт, яғни үзіліссіз қозғалыс жолы керек. Біз мүмкіндігімізше жолдағы көлік қозғалысын кідіртетін себептерді уақтылы жойып отырамыз. Самара–Шымкент жолы 2020 жылға қарай ақылы жолға айналуы мүмкін. Бұл жаңалық бізге үлкен жауапкершіліктер әкелгелі отыр – дейді жалпы жұмыстың барысы туралы Берік Бисалиев.

Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімі өзінің үздік жолшыларымен мақтанады. Мәселен, Асылбек Ищанов, Аманай Аманғалиев, Қайыржан Ғұмаров, Чапай Сисенов, Жалғас Төлеуов, Ғалиасқар Ерғожиев секілді мамандар әріптестері арасында аға ретінде сыйлы, білікті кадр ретінде құрметті.

Бүгінгі күні №39 жол пайдалану бөлімі қысқы маусымға дайындық үстінде. Жол ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің емес, тағдырлардың алаңы десек, адам тағдырының алаңында адал қызмет етіп жүрген жымпитылық жолшыларға тек амандық тілейміз! Мереке құтты болсын!

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар