16.08.2018, 10:20
Қараулар: 413
«Дала дидары»- ауданымызда

«Дала дидары»- ауданымызда

Облыс орталығындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының жанындағы «Дала дидары» көшпелі ұжымының Сырым ауданындағы өнер сапары басталды. «Қадыр жолымен» жобасы аясында ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттаушы ұжымның өнерін  Бұлдырты, Жосалы және Жымпиты ауылдық округтерінің тұрғындары тамашалады.

–        Біз Қадырды таныстыруға келген жоқпыз, оның шығармашылығын насихаттауға келдік. Жаңа таланттарды таныстыру да ойымызда бар.

Әрине, Қадырдың қазақ әдебиетінің ірі өкілі екені даусыз. Бірақ, Қадырды әдебиеттікі дегеннен гөрі, халықтікі деген дұрыс болар. Қадырға қызмет ету – ол, халыққа қызмет ету болып табылады. Ал халыққа қызмет ету – перзенттік борышымыз. – деді өнер ұжымының негізгі мақсаты туралы жоба жетекшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла Жымпитыдағы концертте сөйлеген сөзінде.

«Дала дидары» көшпелі ұжымының өнерін жым­питылықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Кеш ақынның бай поэзиялық мұрасы, оның қазақ композиторларының әндеріне жазған сөздері мен ел ауызындағы афоризмдерін насихаттауда жаңашылдықпен ерекшеленгенін айта кету керек. Ұжымның құрамындағы белгілі әнші, сазгер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, Нұржан Тасболатов сияқты аға буын өкілдері мен жас әншілер Сәлімжан Әубәкіров, Ақылбек Кәкімов, Мирхан Аюпов, Гүлзада Ахметова, «Інжу» дуетінің мүшелері Айдана Орынғалиева мен Гүлфаризат Нұрсейітова, «Жайық айтысына 60 жыл» медалінің иегерлері, айтыскерлер Айнабек Бисенғалиев, Эльдар Ықсанов, Орынбек Меңдіқұл осы іске белсенді үлес қосып жүр екен.  Ұжым мүшелеріне Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев алғыс білдірді.

«Дала дидары» әдеби – сазды көшпелі өнер ұжымы бүгін ауданға қарасты Жетікөл, Жырақұдық және Қособа ауылдарында болады. Ұжымның өнер сапары ертең Ақжайық ауданының Өлеңті, Көнеккеткен, Қурайлысай ауылдарында жалғасады.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар