16.08.2018, 10:38
Қараулар: 13
Сәулемен емдейтін Сәуле апай

Сәулемен емдейтін Сәуле апай

Сырым аудандық ауруханасында ұзақ жылдар бойы сәулемен емдеу кабинетінде еңбек етіп келетін Балғали Сәуле Мұхамбетқызы – көптеген науқастардың алғысын арқалап жүрген жан. Ол өзінің мейірімділігімен, жұмысына жауаптылығымен халықтың көңілінен шығып келеді. Сәулемен емдеу бөлмесіне қанша сырқат келсе, соның бәріне ашық жарқын қабақ танытып, көңілдерін көтеріп, ескі танысындай құшақ жая қарсы алып, жүректеріне жылу ұялату үшін қаншама энергия қажет десеңізші? Сәуле Мұхамбетқызы – өзінің функционалдық міндетінен бөлек  соның бәріне үлгеруге күш-жігері жететін мейірбике.

Сәуле  Жымпиты орта мектебінде оқып, білім алды. Бала күнінен дәрігер болсам деп армандайтын ол  Орал медициналық училищесінің студенті атанып, 1979 жылы тәмамдап, медбике болып шығады. Жас маманның еңбек баспалдағы 1982 жылы перзентхананың балалар медбикелігі қызметінен басталды. Он айдан кейін  сәулемен емдеу бөліміне маман қажет болып,  4 айлық арнайы курсты оқып келіп, осы емдеу бөлмесіне медбике болып ауысты. Сол жылдары жұмысқа алғыр, табанды Сәуле Мұхамбетқызы бас дәрігер Ғаділше Махметовтың жүктеуімен аудандық аурухананың  терапия бөлімінің аға медбикесі қызметін де қоса атқарады. Үш жылдай қос қызметтің тізгінін ұстап, терапия бөлімінің аға медбикелік қызметін тапсырды. 1986 жылы  жолдамамен медициналық университетке жолданды. Жазмыш болар, Сәуле апаға жоғары оқу орнына түсу бұйырмады. Оған қам жемеген медбике сүйікті жұмысын жалғастыра берді. 1987 жылдан бастап, сәулемен емдеу бөлмесінің медбикесі болып еңбек етіп келеді. Бес жыл сайын біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Еңбек өтілі 38 жыл екен.

Сәулемен емдеу бөлмесіне жас сәбилерден бастап егде тартқан адамдарға дейін келіп, ем алады. Бүгінде сәбилердің арасында суық тию, дисплазия секілді диагноздар көп.  Дисплазиясы бар балалар ай сайын, 20 күн сайын келіп тоқ алып, тәуір боп жатады.  Қариялар да жасы ұлғайған сайын ауру-сырқауы көбейіп, Сәуле Мұхамбетқызының еміне, пейіліне разы боп жатады.

Сәуле Мұхамбетқызы  арасында массаж да жасайды. Екі кабинеттің арасында зыр жүгіріп, бәріне де үлгереді. Өзінің қызметін жақсы көретіндіктен, беріліп еңбек етеді.

Ақ халатты абзал жан  денсаулықты күтуде салауатты өмір салтын ұстанудың  маңызы ерекше екенін айтады. Жас күнінде жүгіру, баскетбол сияқты спортпен шұғылданған Сәуле апа бүгінде күніне 1-1,5 сағат серуендеуді әдетке айналдырған. Таза ауада жай ғана серуендеудің  адамның саулығына пайдасы зор деп санайды мейірбике.

Сәуле Мұхамбетқызының қызметінен бөлек тағы бір сүйікті ісі бар. Ол – гүл өсіру. Гүлге деген сүйіспеншілік, оны өсіріп, күтіп-баптауға деген қызығушылық Сәуле апаға анасы Биғайша мен кіндік шешесі Фаинадан дарыса керек. Қос анасынан естіп өскені: «Гүлге гүлдей адам керек». Сәуле апаның үйі мен жұмыс бөлмесі гүлмен көмкерілген. Ауласында қызғалдақ пен лилия гүлдері жайқалып тұр. Әр гүлді еркелете сөйлеп, әр қайсысын ерекше күтеді.

Сәуле апай ер азаматы Құмарғали аға екеуі 1 ұл, 1 қыздан 2 немере, 3 жиен сүйіп отырған ата-әже.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар