16.08.2018, 10:45
Қараулар: 423
ЖАМБЫЛДА – ЖАҢА АЛАҢ

ЖАМБЫЛДА – ЖАҢА АЛАҢ

Сырым ауданындағы Жамбыл ауылында жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді. Жаңа нысан Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасының аясында ауылдың тумасы, кәсіпкер Әділбек Қайырлиевтің тікелей демеушілігімен және ауыл азаматтарының қолдауымен салынып отыр.

Спорт алаңының салтанатты ашылуы рәсімін ауыл тұрғындары Берік Өтемұратов пен Мерген Әділгереев жүргізді. Шараға қатысқан Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов өзінің құттықтау сөзінде, азаматтардың туған ауылын түлету үрдістері Сырым ауданының әр ауылдық округінде көрініс тауып жатқанын, Жамбыл ауылы соның жарқын дәлелі екендігін айтты.

Салынған  спорт алаңы – бір адамның жасаған жұмысы емес. Құрылысқа әрбір жамбылдық үлесін қосты. Біреуі қаржылай көмектесті, біреуі жаз бойына құрылыс жұмыстарының басында жүрді. Өзім еңбегі сіңді деп Жеңіс Өтешов, Қайрат Бақтығазиев, Алтай Мырзахмет, Кенжетай Дүйсеновтердің есімін ерекше атар едім. – деді ашылу шарасында сөз сөйлеген жобаның демеушісі, кәсіпкер Әділбек Қайырлиев.

Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Құбаев демеуші кәсіпкердің өзіне және алаң құрылысына белсенді атсалысқан ауыл азаматтарына алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, жаңа алаңға ауыл әкімі көрімдік ретінде доптар сыйлады.

Айта кетейік, жаңа спорт нысаны шағын футбол алаңы, жүгіру жолағы, көше гимнастикасына арналған StreetWorkout алаңы мен балалар ойын алаңынан тұрады. Балалар алаңындағы әткеншектер жамбылдық шаруалардан құралған «БұланБолашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қаржысына орнатылыпты. Салтанатты ашылған күні жаңа алаңда ауыл жастарының ұйымдастыруымен спорттық жарыстар өтті.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар