16.08.2018, 10:57
Қараулар: 104
«Қамыстыкөлде» қарқынды істер бар

«Қамыстыкөлде» қарқынды істер бар

Шаруа қожалықтарының тынысымен танысып, қыстақ науқанына мал азығын дайындау жайын көзбен көрмекке «Қамыстыкөл» қыстағына атбасын тіредік.

Мұнда ата-бабалары қоныс етіп шопан, малшы, жылқышы әулеттерінің ұрпақтары әке жолын жалғастырып 3-4 жеке шаруалар отыр.

Біз «Мерғалиев» шаруа қожалығына бұрылдық.

Ыбырай Мерғалиев ақсақал бастап ашқан қожалықтың бүгінгі иесі үлкен ұлы  Ілияс болғанмен ынтымақ, бірлікте іс жүргізіп жатқан Меңдіқайыр, Нұрымжан, Әділхан есімді бауырлары әке мұрасына адал болып бір кісідей жұмыла еңбектенуде. Қожалық басындағы үлкен үйде малға жауапты Меңдіқайыр отыр.

Тек қана ағайындардан құралған үлкен ұжым бүгінде мал азығының берік қорын жасақтауға жұмыла кіріскен. Ілияс пен Нұрымжан өз балаларына техника тілін үйретіп, екі бригада болып шөп дайындауда екен.

Нұрымжан шабу агрегатымен шабындыққа шалғы салып, қамбаласа, Ілияс тайлап тасымалдауды тиянақты атқарып жүр. Қыстақ басында үюлі маяның қарасы да молайған.  2 Беларусь тракторы, 2 арба (тіркеме), 1 Камаз, 1 жатқа, 1 агрегат тынымсыз жүрсе, 15-16-ға жаңа келген Ақтілек пен Дастан техниканың құлағында ойнап қолқабыс етуде. Меңдіқайырдың айтуынша мал азығы үшін 1200 рулон жарағанмен 3000 рулондай әзірлейміз, артығы жанармай мен техника бөлшектерін алуға қаржы үшін  сатылады дейді.

Мал басына назар аударсақ, қожалықта 800 бастай қой, 40 шақты мүйізді  ірі-қара, 70 қаралы жылқы бағылуда.

Қой отары бүгінде төлінен ажыратылып, күйекке түсу үшін оңалтылуда екен. Ағайындардың оқушы балалары да үй маңындағы төлдерге бас көз болып  ұсақ шаруаны  ықтияқты атқарып жүр.

Меңдіқайырдың зайыбы Жәния мен Ілиястың зайыбы Нұргүл келіндер 10 сиыр сауып, бие байлап қымыз дайындайды. Алдағы жылы  түйе сауу ойымызда бар дейді. Үй іргесіндегі бақшадан алған қызанақ пен қияр дастархан мәзіріне қосылған. Тауықтарына дейін балапандап, береке  ұйып тұр екен бұл өңірде. Хансарайға бергісіз сыңғырлаған жаңа заманауи үйдің алды жайлаған джип, нива, мотошана, мотоцикл түрлері тұрмыстарының ахуалын аңғартқандай.

Еңбек етіп еңсе тіктеген Мерғали ұрпақтарының ынтымақты істеріне біз де береке тілеп аттандық.

М.Қажиахметов

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар