16.08.2018, 11:09
Қараулар: 158
Ата заң – ел тірегі

Ата заң – ел тірегі

Халқымыз ежелден заңға, тәртіпке аса мән бере білген. Бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты өте маңызды ереже-заңдары болғаны баршамызға аян.

Әділдік іздеп келген адамға әділ шешімін айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып, ердің құнын, нардың пұлын екі ақ ауыз сөзбен таразылаған би, шешендер елдің небір содыры мен тентегін тоқтатып, шекіскенді бітістіріп, араздасқанды татуластырған.

Демек, кең байтақ жерімізді ежелден мекендеген халқымыз  әділдік пен адалдықты әрқашан ту етіп, әділ де сындарлы заңы бар өркениетті ел болуға ұмтылған. Енді Тәуелсіздігін алып, азат атанып, көк туын тік ұстаған Қазақ елінің өз Конституциясы, яғни Ата Заңы бар, құқықтық мемлекет. Өркениетті қоғам құруды алдына мақсат еткен елдің Ата Заңы, заңды қорғайтын әділ соты, заңды құрметтейтін адал азаматы бар.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76 бабында «Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды, конституциялық заңдылықтардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді» делінген. Яғни, бұл – Конституция адам құқықтарының кепілі екендігіне дәлел.

Ата Заңымызда адамның азаматтық, саяси, экономикалық құқықтары мен бостандықтарының негізі айқындалған. Конституцияның бірінші кезекте жеке адам, азамат мүддесін қорғауға бейімделуі – Қазақстан егемендігінің және оның тек құқықты мемлекет болуға ұмтылысының айғағы. Жалпы, Ата Заңымыз еліміздің декократиялық қоғам құруына негіз қалап берді. Еліміз ішінде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы да Конституциямыздан бастау алады және заңдар арқылы жүзеге асырылады.

Азат еліміздің Негізгі Заңының қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстанның өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығаюы, әлем таныған мемлекетке айналуы, жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткізген жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты. Ендеше, еркін халықтың санасына мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек. Демек, елдігіміздің айнасы – Ата Заңымыз жасай берсін!

Г.Нұрабалиева,

Сырым аудандық сотының   бас маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар