23.08.2018, 11:52
Қараулар: 546
Жақсының аты өлмейді

Жақсының аты өлмейді

Ауыл-елге үлгі болатын ақылман аға, көненің көзіндей қазақы салт-дәстүрлерді дәріптеп, ұстанымына айналдырған сөзі де, ісі де  үйлескен ақсақалдардың сарқытындай болған Ыбырай Мерғалиұлы ақсақалды көре қалған едік.  Аудан жұртының аузында жылқышы Ыбырай аталып кеткен аға сырлас болған сәттер күні бүгінгідей көз алдымда. Ыбекең осы азғантай үйден тұратын рулас ағайындылар мекен еткен шағын қыстақ «Қамыстыкөлде» 1948 жылы дүниеге келіпті. Туған жерге кіндігінен байланған перзент барлық саналы ғұмырын атамекенінен өткізді. 1962 жылы Қособада орта мектебін бітірісімен бірден техника тізгінін қолға алды.  Әуелі көмекші механизатор болған Ыбырай аға 1964 жылдан бастап он жыл совхоздың құрылыс цехында трактор жүргізіп, ауыл құрылысының қарқынды дамуына еңбек сіңірді.

Малды ауылда өскен ұланның малдың жайын жақсы білетінін ескерген шаруашылық басшылары мал бордақылаумен айналысуды ұсынғанда бірден келісіп, 6-7 жылдай қолынан іс келетінін көрсете алды. Мал шаруашылығының бір қанаты тебінде түнеп, түзде өсетін ұзын аяқты түлік жылқы малын бағуға да қайратты әбжіл, еңбекқор жан қажет екенін білетін басшылар қайда жұмсаса да, тындырымдылығымен танылған Ыбырайға тағы қолқа салды. Міне, осы күннен бастап (1981-1996 жылдары) жылқышы Ыбырай Сатаев атанып, аудан, облысқа атағы кеткен еді. Сөйлесе сөзі сүйекті, еңбегі елге ұнаған азамат абыройдан кенде болған жоқ. Заман өзгеріп, қазақ көшінен қалмай майдангер әкесінің есімін беріп, «Мерғали» шаруа қожалығын ашып, балаларын ешкімге тәуелді болмай өз-өздерін еңбекке  бейімдеуді үйретіп баулыды. Тоқырау заманында электр желісі тоналып, қараңғылық құшағында қалған он шақты отбасы тұратын ауылына өзі ұйымдастырып қаржы бөліп, беделін салып жүріп, қайта жарықтандырды. «Қамыстыкөл» қыстағы нарықтық экономиканың талабына төзбей тоз-тоз болған қыстақтардың кебін кимей, қайта түлеп айдарынан жел есіп тұр әлі. Бір ғана Мерғалиевтер емес, сол елді мекеннің иесі болған әулеттердің ұрпақтары табан аудармай, құтты елді мекенде қалды. Бұл Ыбырай ағаның арқасында екені айдан анық. Өзінен кейін өнегесі ұласқан Ыбырай ақсақал 2014 жылы өмірден озды. Ыбекеңнің ұрпақтары  Ілияс, Әділхан, Меңдіқайыр, Нұрымжандар әке бағыт берген шаруашылықтарын дамытып,  өркендетіп отыр. Немерелері де ақсаусақ болмай, техника құлағында ойнап, мал бағудың қыр-сырын түсінуге бет алып бұрғанына еріксіз қуанасың. Бүгінгі ұрпақты жанаяр, санасы телефон, компьютер ойындарымен уланған деген түсініктің тас-талқанын шығарып, ұрпаққа еңбекпен тәрбие беруге болатынын Ыбырай Сатаев әулеттерінен көрсең, көзің жетері анық.

Жақында «Қамыстыкөл»  өңірінде қайнап жатқан қарқынды еңбекті көзімізбен көріп, куәсі болған сәтте Ыбырай  ағаның ұлағатты ұрпақтарына арылмас азық болғандығы туралы ойда келіп, осы мақаланы жаздық.

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деп осындайда айтса керек дана қазағымыз.

Махмет ҚАЖИАХМЕТОВ,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар