23.08.2018, 11:54
Қараулар: 675
7 күнде жасалған трактор немесе MADE IN KOGERIS

7 күнде жасалған трактор немесе MADE IN KOGERIS

Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылында Мереке Меңжанов деген досым тұрады. Мереке досым бұрын ауданның орталығы Жымпитыда тұратын еді. Кәсібі де бар еді. Оның құлпытас жасайтын цехы Сырым, Қаратөбе, тіпті Орал қаласының өзінен тапсырыстар қабылдап тұрды. Ол санаулы жылдың ішінде Жымпитыдағы «Сырым» қонақ үйінің де жұмысын жандандырды. Бұл қонақ үйге Самара – Шымкент халықаралық аутомагистралінің жолаушылары тұрақты тоқтайды. Осылай тым жақсы келе жатқан Мереке былтыр аяқастынан Көгеріске көшіп кетті. Оған себеп – ауылға деген махабат еді.

Мереке қазір Жымпитыдағы кәсібіне жауапты адамдарды белгілеп қойды, өзі басшылықты ауылда жатып – ақ жүргізеді. Ол ауылда да қарап жатқан жоқ, мал бордақылаумен айналысып жатыр.  Өзінің сөзіне қарағанда, бордақылаудың екі маусымын да сәтті өткізген.

Мерекенің ауылы Көгеріс жылдан – жылға жаңарып, жанданып келеді. Ауыл халқы түгелдей шаруашылыққа бет бұрды. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашевтың айтуынша, өткен маусымда алақандай ауылда 11 аула бордақылауға ірі қара қойған. Содан да болар, көгерістіктер үй салудан гөрі, қора салуға бейім болып кетіпті. Қора деп отырғанымыз, ауылшаруашылық саласының тілімен айтқанда, мал бордақылау алаңдары ғой енді. Тұрғындар бұл алаңдарды заманауи құрылыс материалдарынан сапалы қылып тұрғызуда. Мәселен, Мереке қоражайының төбесіне жарық өткізетін поликарбонат жабынын пайдаланған. Мереке бір – екі жыл бұрын  Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі шаруалармен тәжірибе алмасып келген еді. Жарық түскен малдың тезірек қоң жинайтынын ол сол кезде естіді. Енді бұл тәжірибені өзі қолдануда. Мерекенің қоражайы тегістей бейнебақылау режимінде тұр.

 

*      *      *

Кеше досымның үйіне айттап бардым. Ауылдың тұрғыны Ербол Исинжоловтың қолдан трактор құрастырғанын сол үйде отырып естідім. Естігесін, көргің келеді ғой. Ойымды Мерекеге айтып едім, ол Ерболды түстің кезінде ғана көргенін, түстен кейін шабындықта боламын деп айтқанын айтты. Отырған болмас дедік. Санжар деген інішектің көлігімен шабындыққа қарай шықтық сосын.

Алтыапан шабындығы Көгеріс ауылынан 4 – 5 шақырымдай жерде екен. Жолай ауылдың тұрғындары өз күшімен салған бөгетті көрдік. Жаздың аяғы болса да, бөгеттің табанында әлі кәдімгідей су бар. Бөгеттен әрі жүрдік. Далалық жол бізді Ерболдың шабындығынан бір шығарды.

Ерақаң өзі қырықтың үстіндегі азамат екен. Еркебұлан деген інісі екеуі күннің межесін орындап, шөпті шауып болып, арбаға тиеп қойыпты. Тұрқы аздап үнді киноларындағы машиналарға ма, әлде «УАЗ» — ға ұқсай ма екен, әйтеуір бір көлік арбаны сүйреп, ауылға кетейін деп дайындалып тұр. Сөйтсек, Ерболдың қолдан құрастырған тракторы – осы екен.

Арманындағы көлікті құрастыру туралы ой Ерболды бала кезден мазалаған. Өзіне ұнайтын ойыншықты өзі жасап алып жүрген бала Ербол арманын күндердің бір күнінде жүзеге асыратынына сенімді еді. Осы сенім үлкейген сайын арта түсті. Кейде ол қонақтықтардағы ас пен шайдың арасындағы уақыттарда замандастарына қолдан көлік құрастыру туралы ойын айтып көретін. Бірақ, бұл ойды қолдаған ешкім болған жоқ, керісінше күлкі тудырып жүрді.

Ербол ойланды, ойын пісірді. Өзінің не құрастыратынын, ол үшін керек екендігін білді. Қажетті құрал мен жабдықты, қосалқы бөлшектерді ел аралап жинады, кейбірін сұрап, кейбірін сатып алды. Сөйтіп, биыл 7 күннің ішінде өзінің тракторын құрастырып шығарды. Әуелі, қолдан көліктің қаңқасын құрастырды. Оған «Жигулидің» артқы белтемірін, түсінікті қылып айтқанда, «мостысын» орнатты. Бұл көліктің қозғатқыш моторы болып күнінде шопандар құдықтан су соруға пайдаланған ЗИД моторы бекітілді. Мотор жаңағы «Жигулидің» қозғалтқыш коробкасына қосылды. Көлік «Жигули» сияқты 5 деңгейлі жылдамдықпен қозғалатын болды. Бірақ, сағатына 60 шақырымды жүру Ерболға керек емес еді. Сол, себепті ол көлігіне жаңа шкив тақты. Жаңа шкив агрегаттардың, яғни шөп шабатын орақ пен тырнауыштың шабындықтың бетінде үзіліс қалдырмай, қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік берді. айтпақшы, Ерақаң тырнауышты көлігіне лайықтап өзі жасап алды. Ал, кеңес кезіндегі өгізге арналған 1, 2 метрлік орақ жаңа көлікке керемет үйлесіп кетті. Көліктің алдына «Жигулидің», ал артына «ГАЗельдің» дөңгелегі тағылды. Қазір Көгерісте жасалған трактор шабындықта шөп шауып, шапқан шөпті ауылға тасып, «бұрқыратып» жүр. Ерақаң келесі жылы тракторына лайықтап шөп тайлағыш жасап алмақ. Шаңсорғыштың моторынан жем жаратын аппарат жасап жүрген Ерболдың миында идея деген жететін сияқты.

Ербол аға бізбен әңгімесінде тракторының еңбек өнімділігіне көңілі толатынын айтты. Мәселен, трактор өзі шауып, өзі тырнап, күніне 5 буманың шамасында шөп дайындайды. Адам күші тек техниканы басқаруға ғана кетеді. Қыруар жұмысты бір өзі жасайтын трактордың күнге жағатын бензині 5 литрге де жетпейді. Қазір Ербол аға екі аулаға да жететін шөп қорын дайындап болып қалды. Мал азығын дайындау жұмыстары бірер аптада толық аяқталмақ.

Сөзіміздің басында, Мерекенің Көгеріске көшіп келуіне ауылға деген махаббаты себеп болды дедік қой. Сөзіміз – сөз. Өйткені, Көгерісте Мерекенің жанұясы сияқты ауылға қаладан көшіп келген басқа да жас жанұялар бар. Олар ауылға көшіп келіп, отағалары шаруашылыққа ден қойып, балалары ауыл мектебінің оқушысы санын толтырып, оң үрдіске бастама болуда. Жергілікті ауылшаруашылық өндірістік кооперативі салып жатқан Көгеріс ауылдық клубының да есігі айқара ашылар күн таяу сияқты.

Көсегесі көгеріп келе жатқан Көгеріс туралы әлі жаза жатармыз. Әзірге осы!

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар