23.08.2018, 12:04
Қараулар: 3
Билер институтының тарихи маңызы

Билер институтының тарихи маңызы

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын, сонымен бірге алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа әдеттерінен бас тарту керектігін атап көрсетті. Қандай болмасын, қалыптасқан қағида, ереже, тәртіптердің сақталмауы бұзақылықтарға жол ашады. Екеуара, отбасында басталған кикілжіңдер, ұсақ бұзақылықтар, ауыр қылмыстар, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық, бәрі-бәрі қоғамымыздың дамуына кедергі екені рас. Және бір өкініштісі, қылмыс саны жыл санап өсіп барады. Еліміздің соттары 2013 жылы 1,25 млн іс қараса, 2017 жылы ол көрсеткіш 2,6 млн-ға жеткен. Яғни, екі есе артқан. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов өз үндеуінде Республикалық Кәсіподақтар федерациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде сотсыз татуласу орталықтарын құрып жатқандарын, онда кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмыс істейтінін келтіріп, дауды шешудің ең тиімді әдісі – татуласу екеніне тоқталды.

Республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен: «Біз заңдарымыздағы әділеттілік, адалдық принциптері, татуласу тәсілдері билер институтынан бастау алғанын әрдайым мақтанышпен айтып келеміз. Елбасымыз жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі де – ұлттық болмысқа оралу. Өзара татуласу, ауыл-үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де – «Рухани жаңғырудың» бір тармағы. Осы орайда, әрбір ауылда, ауданда, қалада халық сайлаған билер болуы керек», – деп дауды шешудің балама әдісі ретінде билер институтын құруды ұсынды.

Би – дау-жанжалдарға төрелік айтып, екі жақты татуластырушы. Ежелден жүйелі сөзге тоқтаған қазақ бидің қисынды, әділ шешіміне бас ұрған. Әрине, төрелік айту кез келгеннің қолынан келмейді. Ол үлкен біліктілікті, парасаттылықты, әр нәрсеге байыппен қарап, әділ бағалай білуді, ұстамдылық пен сабырлылықты, сонымен қатар, сөзге шешендікті талап етеді.

Осыған орай Сырым аудандық сотта жартыжылдық жұмыс қортындысы туралы брифинг өткізілді. Брифингке Сырым аудандық ардагерлер Кеңесінің, аудандық және Жымпиты ауылдық округі әкімдігінің, Әділет басқармасының, АІІб-нің өкілдері қатысты. Сот төрайымы Ботагоз Баймуханова қатысушыларды соттың 2018 жылдың бірінші жартыжылдық жұмысы қорытындысымен таныстырып, олардың назарын өзекті мәселенің бірі медиацияның қолданылуына және дауды бейбіт жолмен шешуге ата-бабаларымыздан қалған амалдарын қолдануды халыққа жеткізуге белсенділік танытуға шақырды. Ол үшін  аудандағы халық арасында беделді және абыройлы азаматтардан Билер кеңесін құру жұмыстарын жүргізуге тоқталып түсінік берді. Ортақ шаруаны жұмыла атқарудың, орнына, бір-біріне сырмалап, тәрбие тізгінін шиырып ұстайтын көшбасшы табылмай отырғанына қынжылыс білдіріп, билер кеңесіне үміт артты.

Елбасымыз айтқандай, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңғырудың алғышартына айналдыру қажет. Бабалар ізімен билер кеңесін жаңғырта алсақ, ұлттық тәрбие, тәртіп, ағайынның ауызбіршілігі, т.б. салаларда өзгелерге үлгі боларымыз хақ.

 

Т.Ниязов,

Сырым аудандық сотының судьясы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар