15.02.2019, 22:55
Қараулар: 134
АУДАНДА 2018 ЖЫЛЫ БІРҚАТАР ТӨЛ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

АУДАНДА 2018 ЖЫЛЫ БІРҚАТАР ТӨЛ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Сырым ауданында 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өте сәтті жүзеге асқан. Мәселен, «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында ауданда 19 млн 635 мың теңгенің 28 жобасы орындалыпты. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айбар Исламғалиев аудандық мәслихаттың кезекті ХХХҮІІ сессиясында жасаған баяндамасында айтты.

Маманның баяндамасынан мәлім болғандай, бағдарламаның «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» секілді бағыттары бойынша да бірқатар жұмыс жасалыпты. Былтыр іске асқан Сырым ауданының төл жобаларының қатарына  І республикалық Қадыр оқуларын, «Қайсар» спорт клубы апта сайын ұйымдастыратын тай жарысы мен асау үйрету шарасын, «Достығымыз жарасқан!» атты І аймақтық жастар форумын, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің 100 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Алаш аманаты» жинағын, Батыс бөлімшенің төрағасы, қайраткер Ж. Досмұхамедовтің туған ауылы Қарақұдықтың маңында орнатылған белгіні жатқызуға болады. Аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов алдағы уақытта шараларға мазмұн бере түсу, Жастар жылы аясында атқарылатын шараларға жастардың белсенді емес топтарын тарту туралы ұсыныс білдірді.

Бұдан бөлек, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында 2019 – 2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу, Жымпиты ауылының бас жоспарын бекіту және бірқатар комиссиялардың құрамын бекіту мәселелері қаралды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сессия қатысушыларына аудандық қоғамдық кеңестің жаңа құрамын таныстырды.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар