18.02.2019, 16:03
Қараулар: 594
Сырым ауданында былтыр 22 өрт оқиғасы орын алған

Сырым ауданында былтыр 22 өрт оқиғасы орын алған

Кешегі сенбіде Сырым ауданында тұрғын үй секторының өрт қауіпсіздігі күніне орай «Тоқта! Улы газ!» атты акция өтті. Акция барысында Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №12 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамдары, жергілікті полиция қызметі мен Сырым газ шаруашылығының өкілдері және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының еріктілерінен құралған 4 топ аудан орталығындағы тұрғындар көп шоғырланған жатақхана, көппәтерлі тұрғын үйлерде болып, тұрғындарға өрттің алдын алу жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізді.

Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ерген Тасқалиевтің айтуынша, 2018 жылы Сырым ауданында 22 өрт оқиғасы орын алған. Оның ішінде, 14  оқиға тұрғын үй секторында тіркелген.  Газдың себебінен адамдардың улану не болмаса нысандардың өртену оқиғалары болмаған.

– Тұрғын үй секторындағы өрттер көбіне ескірген электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, от жағатын үйлердегі пештердің мұржаларының тазаланбауынан болып жатады. Акция барысында байқағанымыздай, тұрғындар көбінесе газды ас үйде пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын ескермейді екен. Газ құрылғылары қабырғаға жақын тұр. Тұсқағазға не болмаса пластикалық жабындарға жалын тисе, үй әп – сәтте күлге айналады. Төтенше жағдайды ескертетін дабылқаққыштарды электр тоғынан ажыратып қоятын, үйдің ішінде шылым шегетін тұрғындар бар. Біздер тиісті талаптарды түсіндіруден жалықпаймыз!  Бірақ, үйінің, басының амандығы ең әуелі адамдардың өзіне керек қой! – дейді маман.

«Тоқта! Улы газ!» акциясы аясында Жымпиты бойынша 560 үйге және 2700 тұрғынға түсінік жұмыстарымен қамтылды.  Түсіндіру шаралары ауданға қарасты басқа ауылдық округтерде де өтеді.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар