20.02.2019, 18:17
Қараулар: 638
Тегін шөп берді

Тегін шөп берді

Қыстың малды да, жанды да қос бүйірден қысып жатқан уақыты. Мал азығының да түбі көріне бастады. Дәл қазіргі сәтте ауылдағы ағайын шөптің бір бумасын 5000 теңге сатып алуға әзір отыр. Ал Көгеріс ауылының тұрғыны Бауыржан Тілегенов өзінің ауылдасы Мәди Баянғалиевке көмек ретінде 6 бума шөпті тегін берді.

Мәди Баянғалиевтің жанұясы – көп балалалы жанұя. Шаңырақтың отанасы Бибігүл 6 перзентті  дүниеге әкелген құрсағы құтты ана, «Күміс алқаның» иегері. Бүгін әлеуметтік желінің беті Мәдидің отбасы секілді көп балалалы жанұяларды қолдау керек, анау былау етуі керек, мынау былай етуі керек деген ақыл мен айқайға толып кетті. Бір өкініштісі, көбінікі – құр сөз! Бауыржан секілді азамат ондайлардан ісімен артық болып отыр.

Азын – аулақ малы болмаса, біреуді жарылқайтындай Бауыржанның асып тасқан байлығы, тіпті тұрақты жұмысы да жоқ. Біз бұл мақаланы ақпанның ақырған ақ боранын көре отырып, жинаған азығын малының ауызынан жырып, ауылдасына жәрдем жасаған Бауыржанды мақтайын деп емес, басқаларға үлгі болсын деп жаздық. Себебі, біреуге көмектесу деген қасиет қазір азайып бара жатыр.

 

Байжан Ізімов,

Көгеріс ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар