26.02.2019, 12:16
Қараулар: 448
Сырымдықтар Қайратына қос ат мінгізді

Сырымдықтар Қайратына қос ат мінгізді

Ауданымызға  «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдегері, Атырау  облыстық Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кәкімов келді. Жерлесіміз Қайрат Кәкімов ауданда Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай  есептік концертін берді.

Концерт басталар алды Қ.Кәкімов  «SARMAD»  тобымен бірге Алаш музейінде болып,  тарихтың беттерінен сыр шертер жәдігерлермен танысты.

Аудандық мәдениет үйіне сырымдықтар бұрынғы сал-серілердің сынығы  Қайрат ұлдарының «Әсем әні асқақтап» атты концертін көруге лық тола жиылды.

Сахна шымылдығын Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «SARMAD»  этно-фольклорлық ансамблі  «Шашу» күйін орындап ашты.

Халықтың қошеметімен сахнаға шыққан Қайрат Кәкімов Нұрпейіс Байғаниннің Ғарифолла Құрманғалиевтің сөзіне жазылған «Еңбек туралы» термесін әуелете шырқады. Диапазоны кең,  күрделі ырғақ иірімдерімен ән салатын Қайраттың дауысы әр көрерменнің жүрегін шым еткізе алды. Концертте Қайрат Сайлауұлы  «SARMAD»  этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен бірнеше халық әндерін орындады.  

 

Сырым  аудандық мәдениет үйінің сахнасында бұрындары өнер көрсетіп жүрген Қайраттың қызы Бақтоты Кәкімова осы жолы әкесінің шашбауын көтере келіпті. Бақтоты «Қарай көзім», «Хәләулім»  халық әндерін жүректерге  жеткізе шырқады.

Кеш соңында сахнаға Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов, «Сырым ауданының құрметті азаматы», ақын Махмет Қажиахметов шақырылды.

–  Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жүріп өткен жолын кеңінен насихаттап, тарихын көрсететін – ұлттық өнеріміз. Қадыр ақын айтқандай, «Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Қасиетті қара домбырамен Құныскерейді, Аманғалиды, батыс мектебінің тарихын таныстырып, бізге тамаша  рухани кеш сыйлаған Қайрат Сайлауұлына сырымдықтар атынан алғыс айтамын.  Мұхит Мерәліұлының, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Амангелді Ғұбайдуллинің, Қатимолла Бердіғалиевтің ізін жалғап, батыс  ән мектебінің шоқтығы биік болуына өзіндік үлесін қосып жүрген Қайрат Сайлауұлы  араға жылдар салып, кіндік қаны тамған жеріне  ұлы  есімді иеленіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген «SARMAD»  этно-фольклорлық ансамблімен келіп, өнерін көрсетті.  Осындай өнері бар қазақтың өнері де, өзі де өшпейді.  Дәстүрлі әннің батыс мектебі дегенде, Қайрат Кәкімовтің есімі, оның туған жері Өлеңті ауылы қоса аталады. Бұл – біз үшін мақтаныш. Сырым ауданы  қашанда дәстүрлі ән өнерін дәріптеп келеді. Сонау Амангелді Ғұбайдуллин, Қайрат Кәкімовтен кейін ауданда Мұхамбет Мамықов, Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров,  Сәлімжан Әубәкіровтер жалғастырып келе жатса, олардың ізінен Кондыкер Елеуов, Гүлсана Өтеулина  сынды жас өрендер өсіп келеді,- деген Асланбек Сарқұлов  Сырым ауданы әкімі  атынан ықылас гүлін табыс етіп,   Қайрат Кәкімовтың иығына шапан жапты.

«Сырым ауданының құрметті азаматы», ақын Махмет Қажиахметов:

–  Екі сағат бойы берілген Қайраттың концерті Жымпиты жұрты үшін қысқа болып қалды. Жымпиты халқы  – дәстүрлі ән, ұлттық өнер десе төрт сағат бойы  тапжылмай отыратын халық. Туған елдің перзенті, осы топырақта кіндігі кесілген Қайраттың концерті болады дегенді естіп, жиырма екі жыл бойы туған жерден жырақта жүрген ұлын елі асыға күтті. Амангелді Ғұбайдуллин ағамыз  бұрын саз мектебі болған, қазіргі білім беру бөлімінің ғимаратында шәкірттерін тәрбиеледі.  Қайраттың 4-5 сынып оқитын шамасы-ау деймін, Әбес Қайратты бөліп алып, үйретті. Әндердің иірімдерін, қайырымдарын  санасына ерекше сіңіріп жататын. «Осы баланың көзінде от бар,  даусы өзгеше, осыдан  бірдеңе шығады» деп отыратын Амангелді. Сөйтіп, Қатимоллаға аманаттады шәкіртін. Екі бірдей дәстүрлі әннің хас шеберінен тәлім алған Қайратымыз  алаш аспанындағы ақиық әншіге айналып, ортамызға келіп, есептік концертін беріп отыр.   Кішкентай сәбиден еңкейген кәріге дейін Қайраттың өнерін құрметтейміз.  Елге келіп, есеп берген ұлының еңсесі биік  күйде қайтсын  деп,  сырымдықтар атынан Қайрат бауырымызға ат мінгіземіз. Ертеде елге келген серілерге бір атты мінгізіп, екінші атты жетегіне береді екен.  Ауданның  атымтай жомарт азаматы Марат Қазмағамбетов  жетегіңе тағы бір ат беріп жатыр,-деді.

Қайрат Кәкімов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісовке  Батыс Қазақстанның дәстүрлі әндерінен өзінің орындауындағы  132 ән жазылған 6 дискіден тұратын жинақты табыс етті.

Қайраттың ауылдастары атынан Өлеңті ауылындағы ардагер ана Әния Кәрімғалиева, Қайрат білім алған мектептің директоры Нұржауған Құлмұханова  сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Концерттен соң дүйім жұрт мәдениет үйінің алдына шығып, Қайрат Кәкімовке ат мінгізілген сәтті тамашалап, қиқулап қол соқты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар