27.02.2019, 18:13
Қараулар: 419
Зейнеткердің зерделі әңгімелері

Зейнеткердің зерделі әңгімелері

Тілекқабыл Нұржанов – зейнеткер, 77 жастың қырқасына көтеріліп отырған көкірегі ояу, әңгімешіл жан. Тілекқабыл аға сонау кеңестік дәуірде бұрынғы СОКП  ХХІІ съезі атындағы  кеңшардың  №2  бөлімшесінде пішенші-механизаторлар бригадасында еңбек етті. Көпшілік ортасында жиі болып, ел арасындағы оқиғаларға, әңгімелерге құлағын түре  жүретін Тілекқабыл ағаның  шежірелі жан екендігін көпшіліктің бірі білсе, енді бірі білмесі де заңдылық.

Жақында Өлеңті ауылына қарасты  Саралжын ауылының тұрғыны (бұрынғы атауы  1 май) «Барыс» шаруа  қожалығының жетекшісі Тілекқабыл Нұржановпен жүздесіп, ел ішіндегі өзі куә болған кейбір әңгімелерін тыңдаудың да сәті түсті.

Төменде зейнеткер Т.Нұржановтың  куә болып, жүздескен кейіпкерлерінің бастарынан өткен әңгімелерін оқырмандардың назарларына ұсынғанды жөн көрдік.

Алып жылан

– 1993 жылдың шіліңгір шілде айының орта шені деп әңгімесін бастады  Тілекқабыл аға. Жемшөп қорын дайындау  науқаны қызу  жүріп жатқан кезең еді.  Өзім пішенші-механизаторлардың есепшісімін.

Күнделікті  жұмыс сәтінің бірі еді. Сол кездегі 1 май ауылынан 4-5 шақырым жердегі, «Жаңабаз» елді мекеніндегі  қыстаққа «К-700» тракторына қос тіркемесін  тіркеп алып, шөп тасымалында  жүрген  механизатор  Елеуғали Сәрсеновтың  (бүгінде марқұм) ертеңгілік, яғни, күн  арқан бойы  көтерілген сәтте  тракторының кабинасының үстінде  қолын бұлғап, адамдарды көмекке  шақырып тұрған сәтін бригаданың жігіттері  Жұмақан  Үмбетияров, Қоныс Сұлтанбеков көреді.  Жігіттер  таң-тамаша кейіпте. Не болды екен? Бригадир Ж.Үмбетияров  пен қосалқы бөлшектермен техниканы қамтушы  Қ.Сұлтанбековты осы сауал мазалап,  өзіне көмекке  шақырып тұрған дала алқабындағы механизаторға қарай жетеледі.

Дала алқабында тұрған «К-700» тракторына  қарай бет алған жігіттердің көз жанарларына аударылып-төңкеріле күнге жарқырай шағылысқан бейненің де елес болып көрінгендігі бір жұмбақ.

Жұмбақ  бейне бригаданың жігіттері алқапта тұрған  трактордың қасына келген соң ғана белгілі болды.

«К-700» тракторының кабинасының төбесінде, жүзінде үрей белгісі бар механизатор  Елеуғали Сәрсеновтың бригаданың  жігіттерін көмекке шақырғанының да түйіні енді шешілді.  «Саған өтірік, маған шын»,- дегендей, ұзындығы екі метрге жуық, жуандау  келген алып жылан трактордың кісі бойындай үлкен дөңгелегінің  астында  бел ортасынан  басылып жатыр екен.

Ауызын арандай ашып, қос тілін айбат шеге, ысылдай үн шығарған алып жыланның құйрығы  мен басы дөңгелекті үсті-үстіне  кезек соққылап, адамға тым қорқынышты көрінгендігі рас.

Трактордың кабинасының үстіне шығып кеткен Елеуғалиға көмекке келген  бригада жігіттері  Жұмақан мен  Қоныс қолдарына  ауыр темірлер алып, батылдықтарын бойларына жинап, алып жыланды да  өлтіріп тынады.

Тракторының кабинасының төбесінен жерге түскен Елеуғали алып жыланның шөп арасынан қалай шығып, дөңгелекке оратыла қалғандығына аң-таң кейіпте болса, бригаданың жігіттері Жұмақан мен Қоныс та мұндай алып мақұлықты  алғаш рет көріп тұрғандарын айтып,  таң-тамаша болғандары  бар.

Осы әңгіме желісін айтқан Тілекқабыл Нұржановтың мына  пікіріне де көңіл бөлген жөн.

–  Өзім мұндай алып жыланды көрген  емеспін. Ал, 1959 жылдары Жетікөл ауылының «Қырмызы» елді мекенінде  аумағы ат  шаптырымдай жерде ордалы жыландардың мекенін көріп,  жыландарға зиян тигізбеу мақсатында құрылысшылардың  құрылыс нысандарын алыс аймаққа  салғандығына  да куә болдым. Ауыл жігіттері  көрген мұндай алып жыландар тобын  кітаптардан оқығаным болмаса, көрген емеспін. Бригада жігіттері кездестірген  мұндай алып жылан  ауыл іргесінде қайдан  жүр, қалай келді? Ол жұмбақ нәрсе болмақ,- дейді Тілекқабыл аға.

 

Шоққа күймеген қызыл тіл

Мына әңгімені де  зейнеткер Тілекқабыл Нұржановтан естіп, жазып алдық.

1965 жылдың ақпан айының іші.

Ауылда Қодар Қайырғалиевтың шаруашылық техникаларына қажетті темірлерді балқытып, қыздыратын ұстаханасы  жұмыс істейтін.  Ұстахана есігіне күнделікті  бір сәтке  тыным болмайтын.  Ауыл тұрғындарының  бірі ұста Қодарға  бұйымтайымен келіп, шаруасын бітіріп жатса,  енді  бірі техникасының сынған бөлшегін  ұстаханадан жөндетіп алуға бас  сұғатындары бар. Жұмыстың осындай қызған шағының бірінде бөлімшеде автокөлік жүргізушісі болып қызмет атқаратын Орынбасар Ақмамбетовтың ұстахана  ішіне  кіріп келгені. Ол жылдары 32 жастағы  жанып тұрған жас жігіт Орынбасар әзіл-қалжыңға үйір, ортаның ажарын ашатын ақкөңіл,  жайдары мінезімен көпке таныс-ты.

Әзіл-қалжыңмен  әңгімені қыздыра түскен жігіттер арасында өзара бәстестіктің  пайда бола кеткені бар емес пе?!

Ұстаханадағы көріктегі қып-қызыл  бола алаулап тұрған темір белдікті  көрген Орынбасар: «Мына шоқтай бола қызып тұрған  темірді тіліммен жаласам не бересің?»-деп, ұста Қодарға  сауал тастады.

Әп дегенде Орынбасардан мұндай  жүректілікті күтпеген   Қодар сенімсіздік таныта: «Тәуекелің жетсе, тіліңмен  жалай ғой, уәдеңе тұрсаң, қорада  семіріп тұрған  өгізшем бар, соны бердім жетегіңе»,- дейді.

Қос құрдастардың бұл әзілдеріне  сенерлерін де, сенбестерін де білмей  аң-таң күйде тұрып қалған ұстахана ішіндегілер болса,  қызықты сәттің боларын тағатсыздана күтеді ғой.

–   Қодар,  онда теміріңді көрігіңде әлі де  қыздыра түс. Айттым болды, әбден  қызсын,  сосын тіліммен жалаймын,- дейді Орынбасар аға сенімді түрде.

Әбден бабына келіп, шоқтай қып-қызыл болып  қызарған белдік темірді ортаға әкеліп қойған Қодар: «Ал, қойдым, батылың жетсе, жалап көр»,-дейді.

Ортада шоқтай  қызарып, ыстық лебі бетті қаритын темірді үстіндегі шолақ тонының қос жеңімен демей өзіне қарай ыңғайлап, орналастырып алған Орынбасар төңірегінде  өзін  тамашалап тұрғандарды  жанарымен бір шола қарап өтіп, ыссы темірді қатарынан  екі реттен тілімен жалап алғанда,  ұстахана ішіндегілер де үндерін шығармастан,  тып-тыныш бола қалды.

Орынбасар аға  жалап алған ыссы темір де  көгерген дақ қалған да, қайран қызыл тілге  ештеңе де әсер етпеген, сап-сау.

Мына  жәйтке сенер-сенбесін білмей  қалған Қодар құрдасына қарап, «Тағы бір, үшінші рет қайталап көрші»,-дейді.  Бұл сәтті де Орақаң ешбір кедергісіз орындап шығады.

Неткен батылдық, көз байлағыш қасиеттің әсері ме, әйтеуір адам баласы таң-тамаша боларлық көріністі  ауыл жігіті О.Ақмамбетов күллі тұрғындардың көз алдында көрсеткендігі шындық еді. Осы көрініске куә болып, шын ниетімен  беріле сенген ауыл ұстасы Қодар Қайырғалиев уәдесінде тұрып:

–  Орақа, айтқаным айтқан, қорада байлаулы тұрған өгізім сенікі, жетегіңе алып кете бергейсің,- депті.

Мұны естіген жас жігіт Орынбасар Ақмамбетов те нағыз азаматтығын осы жерде танытып:

–  Қодеке, ризамын, сен сөзіңде тұрдың, мен өзің айтқан тапсырмаңды орындадым. Өгіз өзіңде қалсын. Семіртуде  тұрған өгізіңді мен алып  кетсем, үйдегі әйелің Бұлдыш тулап, ренжіп жүрер. Алмай-ақ қойдым өгізіңді. Сен өгізіңнің орнына үйіңнен дұрыстап мол етіп, дастарқаныңды  әзірле. Ауыл жігіттері  болып,  рахаттана бір демалайық,- дегенде, төңірегінде тұрған жігіттер де ағаларының ұсынысын қолдап, ду ете күліп жіберіпті.

Иә, ел ішінде осындай  болған оқиғалар, оқиғаны көре қалған қөне көз қариялар баршылық.

Адам баласы  сенбестей жәйттерге жүректілігімен барып, бойына біткен тума талантымен танылып жүрген  батыл тұлғалы азаматтардың өмірде бар екендігі де рас.

Солардың бірі бүгінде Жетікөл ауылының тумасы, 87 жастағы  зейнеткер қария Орынбасар  Ақмамбетовтың  батылдық ісі жөнінде өлеңтілік  Тілекқабыл Нұржановтың  айтуы бойынша әңгіме  өрбіттік.

Ал ауылда болған осы оқиға жөнінде жерлестері  әлі күнге дейін отырыстарда таңданыспен жиі әңгімелеп отыратындары бар.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар