28.02.2019, 11:53
Қараулар: 148
Ұлты өзбек болса да, жаны — қазақ

Ұлты өзбек болса да, жаны — қазақ

Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың  Жарлығымен 1 наурыз  Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі. Талай тағдырлардың басын өз шаңырағының астында біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған -қазақ жерінде өзге ұлт өкілдері татулықты ту етіп, бірлігіміз жарасып келеміз.

Ауылымызда Алғыс айту күніне орай  мектеп пен ауылдық мәдениет үйі бірігіп, «Сенбілік таң»  бағдарламасын  ұйымдастырдық. Қосарал  ауылына 22 жасында  қазақ шаңырағына келін боп түсіп,  бүгінде  4 баланың аяулы анасы, 10 немеренің әжесі атанған,  44 жыл бойы қазақтың  салт-дәстүрін сіңіріп, өз ғұрпындай сақтап келетін өзбек қызы   Халмешова Махсуда Исмаилқызының шаңырағында  ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі  Жәкен Маева және мектебіміздің «Жас Ұлан» ұйымының  белсенділері арнайы қонақ болып қайттық.

Бала күнінен еңбекке ерте араласқан Махсуда апамыз,  жүзім мен ақ  мақтаны жинаған кезін еске алып, өскелең жас ұрпақты еңбекке шақырды. Жүрегі кең, бауырмал,  дархан көңіл, далаң қазақтың  ортасына разылығын, «Көңілің жылап тұрса да, көзің күліп тұрсын, сол елдің салт-дәстүрі мен еріңді сыйла» деген анасының  ұлы сөзін бүгінге дейін жүрегіне сақтап, келетінін  айтты. Дастарқанында өзбектің де, қазақтың да тағамдарын дайындап тұрады. «Балаларымның тілін қазақша шығарып, қазақ тілінде сөйлесем де,  ана тілімді ұмытпаймын»,- деп, өзбекше  сөйлеп те  берді.

Елдің нар тұлға ағасы Төлеген Әбілхайыров ағамызбен Махсуда апамыздың шаңырағына береке мен құт арылмасын деген ниетпен  кездесуімізді аяқтадық.

Айман  Жұбанова, 

Жалпы білім беретін Сырым орта мектеп-балабақша кешенінің тәлімгері,

 Қосарал ауылы

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар