28.02.2019, 18:56
Қараулар: 99
Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні

Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні

Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойды.

Алғыс айту күні – алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытатын күн. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.

Қазақ халқы – тумысынан кез-келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Алғыс айту күнін жылдың ең сыпайы күні деп атауға болады.

Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін сиқырлы сөз. Ата бабаларымыздан келе жатқан дәстүрдің жалғастырушысы өзіміз. Алғыс айту күні біз ата бабаларымызды құрметпен еске алып, ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, ардагерлерімізге алғыс айтып, халқымызға ұлттық алғысымызды білдіреміз.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар