1.03.2019, 10:28
Қараулар: 4
Ардагер ұстаз 90 жаста

Ардагер ұстаз 90 жаста

Жалпы білім беретін А.Жұмағалиев  атындағы Жосалы орта мектебінде өткен  көп жүрегіне жылылық шуағын ұялатарлық тағылымды шара 90 жастың тұғырындағы ардагер ұстаз, «Халық  ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, бірнеше медальдардың, грамоталардың иегері, Жосалы ауылдық округінің қадірлі қариясы Балуаш  Серғазиевке арналды.

Шараның өз деңгейінде өткізіліп,  ұйымдастырылуы бағытында ауылдық  округтің, орта мектептің әкімшілігі, ардагер ұстаздың  шәкірттері  бастамашы тұлғалар ретінде өзіндік үлестерін қосса, мектеп оқушылары да бұл үрдістен  тысқары қалмай өнерлерін ортаға салды.

Шарада ардагер ұстаз Балуаш Серғазыұлының  шәкірттері, зейнеткерлер Батырғали Жәңгірханов, Асан Жүсіпов, замандасы Өтебай Сағидуллин  жүрекжарды  тілектерін мерейтой иесіне арнап, өмір жолдарындағы  естеліктермен бөлісті.

Тіпті, шара барысында 23 жасында  жоғары оқу орнын аяқтап, қызметтік жолын Жосалы өңірінен бастаған Б.Серғазиевтің ұстаздық жолы  осы киелі мекенмен тығыз байланысты екендігіне өз сөзінде тоқталып өткен Асан Сапарұлы Балуаштың табиғат аясын аялай білетін жан екендігін, мықты шахматшы, балықшы, сұрмерген аңшылығы бар қасиет дарығандығын айтып, тыңдаушылардың көңілдерін бір көтеріп тастады.

Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов   мерейтой  иесі  Балуаш Серғазиевке құттықтау  лебізін арнап, ауыл әкімшілігі атынан сый-сияпатын тапсырды.

Шара барысында аудан әкімі Т.Төреғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ғалымовтың  құттықтау хатын да ауыл әкімі Қ.Ғабдешов мерейтой иесіне  салтанатты түрде  табыс етті. Аталмыш  мектептің директоры  Әскербек Тәжіғалиев  ардагер ұстаз Б.Серғазиевке ұжым атынан құттықтау лебізін арнап, қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Ардагер ұстаз  Б.Серғазиевтің 90 жасқа толуына арналған шарада мектеп оқушылары, округтегі әжелер ансамблі әннен шашу шашып, жүректен шыққан жыр жолдарын оқыды.

Шара соңында Б.Серғазиев, ұлы Айдар  шараны ұйымдастырушыларға алғыс сезімдерін білдірді.

Мүсірбек Әлібекұлы,

Жосалы ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар