6.03.2019, 16:17
Қараулар: 125
«Бар байлығымыз — балаларымыз»

«Бар байлығымыз — балаларымыз»

Алғабас ауылында 19 «Алтын алқа» және 25 «Күміс алқа» иегері тұрады. Бұл мәліметті осы ауылдың тұрғыны Қазыбек Қанатовтың үйіне бара жатқанда, округ әкімдігінің бас маманы Жанболат Құмарғалиевтің ауызынан естідік.

 

Қазыбек ағамыздың үйіне босқа барған жоқ едік. Бір жағынан Қазекеңнің жары, ауылдағы «алтыннан алқа тағынған» он тоғыз ананың бірі, жеті баланың анасы Жанар жеңгейді мейрамымен құттықтайын деп, екінші жағынан жеті перзентке ата – ана болудың бақыты мен бейнеті жайлы ағамыз бен жеңгеміздің өзінен сұрайын деп бардық.

Қазыбек бала кезінен қол шаруасына епті болып өсті. Еңбекке ептілік оны елдің артында қалдырған жоқ. 1991 жылы Жанар жеңгеймен отау құрды. Шаңырақтың бесігі сәбиден босамаған бақытты жылдар өтіп жатты. Отағасы осы кездерде де өзінің еңбегіне иек артты. Етікшілікпен айналысты, жалданып пеш салды, үй майлады. Адал нәпақасымен үйін асырады.

Қазақта «Ағама жеңгем сай!» деген сөз бар ғой. Сол сөз дөп. Себебі, Қазыбектің жары Жанар да өзі сияқты шаруаға ширақ, үй мен сырттың жұмысына ұқыпты жан болып шықты. «Екі жақсы қосылса, санат емей немене?» деп Бұқар жырау айтқандай, қосылған екі жақсы байлықты балалар деп, ал бақытты еңбек деп білді. Олар Алғабас ауылындағы жатақхананың бір бөлмесінде тұрған уақытта да бақыт пен байлық жайлы түсініктерін түк өзгерткен жоқ.

Қазекең кейінгі жылдары Орал қаласында жүк тасушы болып еңбек етті. Малға ауыстырып алған ескі үйді жөндеудің жөнсіз екенін білген ол жаңадан үй саламын деп шешті. Салды да. Өзі тұрғызды, өзі майлады. Қалған сылақ жұмыстарын Жанар жеңгей жүргізді. Төрт жыл бейнеттің түбі былтыр көрініп, 2018 жылдың аяғында Қазыбек жеті баласымен жаңа үйге кірді.

  • Ешкімнен асып – тасып жатқан байлығымыз жоқ. Бар байлығымыз – балаларымыз. Солардың әрбір қылығына сүйсінумен күніміз өтеді.

Көп балалы жанұяның екі бірдей мәселесі болады екен. Оның біріншісі – баспана! Шүкір, өзіміздің баспанамызды өз қолымызбен салып алдық. Екінші мәселе – жұмыссыздық қой! Мен өзім мектепте слесарь – жөндеуші болып тұрақты жұмысқа орналастым. Отағасы тұрақты жұмыста жоқ. Бірақ ол кісі ешқашан қол қусырып отырған емес. Әкелері балаларына осы жағынан керемет үлгі.

Қорамызды азын – аулақ малымыз бар. Барымызға шүкір дейміз! – дейді «Алтын алқа» иегері Жанар Галимова. Жанар жеңгейдің қолының шеберлігі өз алдына, ән айтатын да өнері бар екен. Ол күні кеше ауданда өткен «Ән көңілдің ажары» атты ән байқауына қатысты.

Үйдегі жеті баланың үлкені Алтыншаш бүгінгі күні теңін тауып, өз үйіне кеткен. Сіңлілері мен інілерінің ақылшысы қазір – Бибігүл. Бибігүлден кейінгі Әсемгүл, Жұмагүлдің және Бақберген, Қыдырберген, Тәңірберген деген үш жігіттің жастары өзара тетелес, бірге өсіп келеді. Бірақ ұлдардың үлкені Бақберген өзінің аға екенін сезініп, қазір апалары мен інілеріне қамқор болып, ата – анасының шаруасына да өзі көмектесіп жүр.

Осылай Алғабастың қарапайым жанұясында жайқалып елдің болашағы өсіп келеді. Қазекең мен жеңгейдің тәрбиесін көрген қыздардың күні ертең тон пішетініне, ұлдардың оқ жонып, қазақтың қарағайдай азаматтарына айналарына  сенеміз! Себебі, ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар деген бар ғой.

 

Б. Шерім 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар