6.03.2019, 16:40
Қараулар: 412
Атайдың алғыр қызы – Гүлфия

Атайдың алғыр қызы – Гүлфия

Ауданда кәсіпкерлік саласында    тапжылмай еңбек етіп, төқкен терінің арқасында тасы өрге домалаған әйел-аналардың бірі –  «Аққу-1», «Аққу-2»  дүкендерінің және асханасының иесі Гүлфия Негметова.  Білімі жоғары ұстаз бола тұра, тоқсаныншы жылдары кәсіпкерлікке біржола бетбұрған  Гүлфия ханым – аудандағы ірілі-ұсақты  шараларға демеушілік көрсетіп, қайырымдылық істерге де атсалысып жүретін  жүрегі кең әйел. Бауырлас татар ұлтынан болса да, өмірі қазақпен біте қайнасып кеткен.

–  Кәсіпкерлік те – бір өнер. Үнемі ізденіспен талғамды қажет етеді.  Тұтынушылардың  сұранысымен қатар психологиясын дөп басып, көңілінен шыға білу керек.  Үнемі бойды тіктеп, қиындыққа мойымай, оптимист болуы тиіс.  «Жалғыздың үні шықпас» деген, менің қарауымдағы он қызметкерім – сенімді командам. Кәсібім солардың арқасында жүріп тұр. Сондықтан, жұмыс беріп отырған кәсіпкер жұмысшыларына  көп көңіл бөліп, бабын таба білуі қажет деп ойлаймын.  Әйел адамға кәсіпкер болу қиын дейтіндермен келіспеймін. Өзіме ұнайтын, барымды салатын жұмысым – кәсіпкерлік.  Ауырып тұрғанда, дүкенге кірсем, құлан таза жазылып кетемін,- дейді Гүлфия Атайқызы.

Гүлфияның әкесі Камалиев Атай – саналы ғұмырының жартысында поштада есепші болып еңбек етіп, кейін орман шаруашылығына сүбелі үлес қоса білген азамат.    Анасы Газида Камалиева бүгінде  80 жастың төрінде. Әке-шешеден тараған бес баланың  екіншісі Гүлфия 1985 жылы Орал педагогикалық институтының  филология факультетін бітіріп, қазақ және орыс мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.  Оренбург облысының Орск қаласында  үш жыл  жұмыс жасады.  1988 жылы туған жерге оралып, тұрмысқа шықты.  Балабақша меңгерушісі болып жұмысқа орналасып, 1993 жылға дейін абыройлы еңбек етті.

Егемендіктің алғашқы жылдары елге қиындау тиген соң,  алғыр Гүлфия  балабақша меңгерушілігінен бірден кәсіпкерлікке ауысты. Алғашқыда тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектерді сатуды қолға алады.  Әуелі тауарларын үстелдің үстінде, кейін дүңгіршекте сатты.   Еткен еңбегі еселеп қайтып,     азық-түлік дүкенін ашты. Одан соң кеңсе тауарлары, киім, ыдыс-аяқ сатылатын «Аққу-1» дүкені халықтың сұранысына орай қызмет көрсете бастады.  «Аққу-1» дүкеніне жапсарлас орналасқан асхана да сапалы қызметімен тұрғындарың көп шоғырланатын орнына айналды.

Бүгінде Гүлфия апа ері РинатНегметовпен  бірге екі ұлынан төрт немере сүйіп отыр. Кәсіпкерлікке икемі бар кіші ұлы Рифаттың үлесіне азық-түлік дүкені тиіпті. Ал, тұңғышы Валер Орал қаласында қызметте.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар