6.03.2019, 19:03
Қараулар: 9
СЕНАТОРЛАР – СЫРЫМ АУДАНЫНДА

СЕНАТОРЛАР – СЫРЫМ АУДАНЫНДА

Бүгін Сырым ауданына ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан тапсырмаларын халық арасында түсіндіру  мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев келді. Олар түске дейін Бұлдырты орта мектебінің ұжымымен кездесті. Кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов төрағалық етті.

Еліміздің бас партиясының XVIII съезінде ҚР Президенті, партия төрағасы Н. Назарбаев мемлекетке бірінші кезекте әлеуметтік салаларға әл бітіруді тапсырған еді. Бұл бағытта мемлекет бірқатар экономикалық қадамдарға бармақ. Мәселен, республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаларға бағытталып, азаматтардың әл – ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін ұлттық қордан қаржы бөлінетін болды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің айтуынша, партиялық саясат елдің әрбір азаматының игілігін ойлайды.

Бүгінгі күні сенат қабырғасында саяси мәселелерге қатыстыларын айтпағанда, сайлаушылар жиі көтеретін бірқатар мәселелерге қатысты нақты заң жобаларын қабылдаған. Дәрі – дәрмек бағасын реттеу туралы заңның бекітілуі алдағы уақытта дәріхана сайын құбылып тұрған бағаны тұрақтандырып, қолдан баға жасауды тыймақ.

Кездесуде Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Бисалиева педагогтар мәртебесі туралы заңның жобасына қатысты ұсыныстарын айтты. «Айналайын» балабақшасына қосымша ғимарат салу мәселесін балабақша директорының міндетін уақытша атқарушы Аққу Нахметова көтерді. балабақшада 100 бала, оның ішінде 12 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленуде.

Кездесуден кейін сенаторлар Бұлдыртыдағы еркін күрес үйірмесінің жаттығу залының жағдайымен танысты. Бұлдырты ауылдық округінің Ерлан Мақашев ауылға жаңа спорт кешенінің салынуына қолдау білдіруді сұрады.

Түстен кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында партия мүшелерімен кездесті.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар