7.03.2019, 10:51
Қараулар: 179
 » 
СЫРЫМДЫҚ ӘНШІ КӨП БАЛАЛЫ ЖАНҰЯҒА КӨМЕКТЕСТІ

СЫРЫМДЫҚ ӘНШІ КӨП БАЛАЛЫ ЖАНҰЯҒА КӨМЕКТЕСТІ

 Жымпитыда «Мейірімді көктем» қайырымдылық акциясы аясында Жымпитыда сырымдық әнші Нұртілеу Болаттың «Менің аппақ анам – ау!» атты қайырымдылық ән кеші өтті.

Нұртілеу Болат – өңірімізге танымал жас әншілердің бірі. Оның репертуарындағы «Оралымсың менің!», «Қарындас», «Еркем», «Менің аппақ анам – ау!» сияқты әндері жастар арасында жақсы тыңдалымға ие, республикалық музыкалық сайттарда көп жүктелетін әндердің қатарында. Кешегі кеште әншінің «Мейірімді Алла» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді. Туындының әнін Ерғанат Кеңесбекұлы, ал сөзін ақын Серік Қалиев жазған.

Ән кешінде Нұртілеуден бөлек сахнадағы әріптестері Бекей Қанатов, Гүлсезім Қуанышқалиева, Мерей Амангелдиев сияқты әншілер, айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлы, шоумен Мержан Аманқұлов және Жымпиты халық театрының әртістері, үлгілі «Аружан» би ансамблінің бишілері өнер көрсетті.

Сырымдық әншінің үш жылдан кейінгі концертіне тыңдарман қауым көп келді. Олар бір жағынан сүйікті әншілерінің әнін тыңдаса, екінші жағынан қайырымдылық шараға үлес қосты. Концерттің билеттерін сатудан түскен және қайырымдылық жәшігіне жиналған қаражат Алғабас ауылындағы көп балалы Ешмаховтар жанұясына табыс етілді.  Осы қаржыға төрт бала тәрбиелеп отырған жас жанұяның баспанасына көгілдір отын тартылатын болады.

 

 

 

Б. Шерім