12.03.2019, 18:48
Қараулар: 515
Тасқынға қамданыс тастүйін

Тасқынға қамданыс тастүйін

Биылғы жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында  ауданда қарбалас жұмыстар жүргізілуде.  Бүгінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қорынан арнайы қаражат бөлініп, Жымпиты, Өлеңті, ауылдары орталығындағы қар  үйінділері арнайы орынға тасымалдануда. 

Бұл жұмыстарды тындырымды атқарып, көшелерді қардан уақытылы тазартуда жеке кәсіпкерлер Асхат  Мамбетқазиев, Нұржан Бисенғалиевтың, «Сырым» МКК-ның арнайы техникалары белсенділіктер танытты.

–  Күні бүгінге дейін Жымпиты, Өлеңті, ауылдарынан 5200 текше метр қар үйіндісі арнайы орынға тасымалданды. Қар шығару жұмыстары әлі де жалғасуда.  Ауданда су тасқынынан келер қауіп жоқ. Жердің тоңы жібіп, қар сулары тез сіңіп жатыр. Дегенмен, тасқын алды сақтық үшін арнайы жағар май қоры жасақталып, сусорғыш техникалар, 40 тонна қиыршық құм, 2500 қанар қапшық алынды. Көшелердегі су жүретін арықтар қардан тазартылып, тұрғындарға тасқыннан  сақтана білу жөніндегі арнайы жадынамалар таратылуда,-дейді Сырым ауданы  әкімі  аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы  Серікбол Тәжібаев.

Сонымен, аудан аумағында тасқынның алдын алу бағытында  тастүйін әзірліктер бар. Жергілікті әкімдіктерде, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылған. Ал, кездейсоқ,  төтенше оқиға орын ала қалған жағдайда тұрғындар 101,112 телефондарына қоңырау соғып, тиісті көмектер шақырта алады.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар