14.03.2019, 12:32
Қараулар: 17
 » 
Сырымда Наурыз он күн бойы тойланады

Сырымда Наурыз он күн бойы тойланады

Бүгін Сырым ауданында  Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті. 14 наурыз – Көрісу айты мейрамына орай   орталық алаңда  киіз үй ашылды.

 

«Наурызым – дәстүрлі» ізгілігім!» атты  театрландырылған   қойылым көрсетілді. Қойылымда  көрісу күні – амал мерекесінің әлі күнге сақталып келе жатқаны, оның тәрбиелік мәні туралы айтылды. Ұлттық ойындар  теңге алу, аударыспақ ойнатылып, жастар алтыбақанның маңын думанға бөледі. Арнайы құрылған ошақтың қазанында бауырсақ пісірілді.

Көрісу айтына орай Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  құттықтау сөз сөйлеп, Отарбай Сарғозыұлы ақсақал батасын берді.

Қонақтар киіз үйден бауырсақ пен көжеден дәм татты.

Ақсақалдарға арналып,  мәдениет үйінде ас беріліп, бас тартылды. Дастарқан басында үлкендер арқа-жарқа әңгіме айтып, ауылдың алты ауызын тыңдады.

Ауданда он күн бойы ұлттық мейрамға орай шаралар жалғасатын болады. Көше наурыздары, тай жарыс,  ұлттық ойындар, басқа да шаралар күнде ұйымдастырылатын болады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА