16.03.2019, 11:07
Қараулар: 495
 » 
«Сырым батыр» жырын жатқа оқудан сайыс өтті

«Сырым батыр» жырын жатқа оқудан сайыс өтті

Кеше Сырым ауданында алғаш рет  Жәрдем Тілековтың «Сырым батыр» дастанын жатқа оқудан «Сырымнан жеткен сырлы сөз» атты жыр байқауы өтті.  Жыр байқауының өтуіне Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қор,  Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі және аудандық білім беру бөлімі қолдау білдірді.

Байқаудың ашылу рәсіміне аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, «Нұр Отан» партиясының  Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары  Талғат Дарғожиев қатысып,  тәрбиелік мәні зор шараның бастау алуымен құттықтап, жыршы өрендерге сәттілік тіледі. Шараны аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің  меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева жүргізді.

Жыршылар 34 беттен тұратын «Сырым батыр» дастанының ұзақтығына байланысты екіге бөлініп, аудандық кітапханада және музейде жыр оқыды.

Сайысқа 5-8 сынып оқушыларынан  16 үміткер  қатысты. Жырды жатқа оқығандардың дауысының ашықтығы, мәнері, түсініп, сезініп оқуы, актерлік шеберлігі, киім үлгісі, музыкамен сүйемелденуі бағаланды.

Түстен кейін жыр байқауының қорытынды бөлімі өтті. Онда жүлдегерлер марапатталып,  концерт ұйымдастырылды.Бірінші орынды Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының  тәрбиеленушісі,  Айнелла Искакова жеңіп алды.  Бірінші орынның жүлдесі – 15000 теңге.  Оның киім үлгісі, мәнерлеп оқуы, актерлік шеберлігі, музыкалық сүйемелденуі, жырды жатқа айту ұзақтығы қазылар алқасына ерекше ұнады.  Айнелланың байқауға дайындаған жетекшісі – «Жас жыршы» үйірмесінің жетекшісі Әсел Әбдубәли.

Екінші орынды Абай орта мектебінің оқушысы  Данияр Молдашев иеленіп, 10000 теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Даниярдың томағасын сыпырып, топқа қосқан ұстазы – Роза Измуханова. Ал,  үшінші орын Көгеріс негізгі мектебінің оқушысы  Рахатова Нұрайлымға бұйырды.  Нұрайлым 5000 теңгеге ие болды. Оның жетекшісі – Ақайна Мустафеева.  Бірінші орын мен екінші орын иегерлері Айнелла Искакова мен Данияр Молдашев сахнада «Сырым батыр» дастанынан үзінді оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

 

«Жас жырау» аталымымен ең жас қатысушы,Сырым батырдың тікелей ұрпағы, Сырым орта  мектебінің  4 сынып оқушысы Дарын Рәш марапатталды, жетекшісі Ардақ Алимбетова. «Сөз зергері» аталымы Бұлан орта мектебінің оқушысы, Айдана Магнийдің дайындаған шәкірті, Азалия Бериковаға, «Жас дарын» аталымы  Ж.Досмұхамедов атындағы орта  мектептен  Жұлдыз Шынбергенқызы дайындаған Мархаба Нұрболатқызына тиесілі болды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА