18.03.2019, 16:47
Қараулар: 4
Қарияның ақ тілеуі

Қарияның ақ тілеуі

Жымпиты ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, бүгінде  82 жастағы қария Мақсот Усағалиев  Ұлыстың ұлы күнінде жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті.  

Қаратөбе  ауданына қарасты  Қоскөл ауылының  тумасы  Мақсот Усағалиевтің  еңбек жолы  1960 жылдары  пішенші-тракторлар бригадасында   механизатор,  бригадирліктен  басталған.

Механизатор, шопырлық  мамандықты  өзінің жан серігіне балаған Мақсот  аға бертін  жылдары  Жымпитыдағы  «Сельхозтехника», «Сельхозхимия» атауын иеленген белді мекемелерде ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Ал, ұлы мерекеге арналған қария тілегі төмендегіше өрбіді:

– Наурыз айы, еліміздің бірлігін, татулығын дәлелдейтін ұлы мереке. Бала кезімізде үйлерді аралап, жасы үлкендерге көрісуге, тәттілерден дәм  татуға жүгіретінбіз.

Еліміз Тәуелсіздікке ие болған соң, бүкіл мұсылман қауымы Ұлыстың ұлы тойы Наурызды тойлау мәртебесіне ие болды. Осының өзі зор ғанибет, шүкіршілік.

Қазір жасым ұлғайды, өзім екінші топтың мүгедегімін. Үйден  алысқа шығуға денсаулық  көтермейді.

Өмірлік  қосағым Ұлмекен мен немерем Руслан, келінім Гүлмираның  аялы алақан жылуын сезініп, немере-жиендер күлкісіне бөленіп отырмыз, айналайын. Ермегіміз газет оқып, теледидардан елдің хабарын тыңдау.

Әуелі Алла, сосын аудандағы Роза Тахамбетова  басқаратын ақ халатты абзал жандардың  арқасында саулығымды тексертіп, күн өткеріп, жатқан жай бар. Кейде сонау жылдары бірге қызметтес болған Ж.Имашев, Х.Бекарыстанов, Б.Дәрібаев, М.Қожабековты есіме алып, сол кездердегі  қарбалас  кезеңдерді де ой елегінен өткізіп қоямын. Аудан басшылығы, аудандық ардагерлер кеңесіндегі азаматтар да хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұрады, рахмет,-деді Мақсот аға ризашылығын білдіріп.

–  Асың, асың, асыңа,

Берекет берсін басыңа.

Қырғауылдай жорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа.

Әуелі Аллам оңдасын,

Ешбір жамандық болмасын,

Жаратқан ием бір Алла,

Қысылған жерде қолдасын.

Әумин!- деп, ақ батасын берген Мақсот қарияның ақ тілеуін оқырмандарға жеткізгенді  біздер де жөн санадық.

Мүсірбек Әлібекұлы,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар