18.03.2019, 17:29
Қараулар: 501
Балалар ауылындағы Наурыз тойы

Балалар ауылындағы Наурыз тойы

Сырымдық жастар «Мейірім көктем» қайырымдылық акциясы аясында Орал қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, Наурыз тойын ұйымдастырды.

 

  • Айналамызда өздерінің аттарының аталғанын, істерінің жария болғанын қаламайтын, бірақ, қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысып келе жатқан жастар бар. Балалар ауылында мереке ұйымдастыру ұсынысын да сол жастар көтерді.
  • ????????????????????????????????????

Ұсыныс әлеуметтік желі арқылы үлкен қолдау ие болды. Тіпті арнайы есепшот ашуға мәжбүр болдық. Бір аптаға жетер – жетпес уақытта 200 мыңның үстінде қаржы жиналды. біреулер балаларға арналған дастарханды жаюға көмектесті. Ал біреулер ұйымдастырушыларды көлікпен қамтамасыз етті. Бұл шара қоғамға қайырымды адамдардың бар екенін дәлелдеді. – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, белсенді жас Ақеділ Нұрмашев.

Наурыз тойы балалар ауылының ауласынан бастау алды. Сырым елінің ақсақалдары, атқа мінген сал – серілері, жастары ұлттық киіммен ағылып, аулаға кіріп келгенде, тарих тіріліп кеткендей болғаны рас. Ауылдың қонақтарын ұстаздар дәмімен, балалар әнімен қарсылады.  Домбыраны қолға алып жіберіп, сырымдық әншілер сәлемді әнмен қайырғанда, балалар ауылында кәдімгідей қазақ даласының думаны басталып бара жатты.

Мереке кейін ішкі сахнада жалғасты. Өңірімізге танымал әншілер ән салып, балаларды Наурыз мейрамымен құттықтады. Жымпиты халық театрының актерлары жас достарына арнап «Сенімді дос» ертегісін қойды. Балалар ауылының атынан Азамат пен Әсет Қуатовтар, «Master Dance» бишілер тобы өнер көрсетті. Ұлттық ойындар өз алдына бөлек қызық болды.

Шараның соңында ұйымдастырушылар отбасылық үлгідегі балалар ауылына музыкалық аппарат, сахна жарықтары,домбыра және тоғызқұмалақ үйірмесінің тақталарын сыйлады. Бұл сыйлықтардың бәрі демеушілердің қаржысына сатып алынды.

Түскі уақытта балалардың барлығына мерекелік дастархан жайылды. Дастархан жайылатынын естіп, ауылдан балаларға арнайы сыбағасын салып жіберген адамдар да, аяқтай жүріп, қызмет қылған кісілер де болды.

 Батыс Қазақстан облыстық «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінде қазір 10 үй бар. Оның біреуі – жасөспірімдер үйі. Қалған 9 үйде 61 бала тұрып жатыр. Олар қала мектептерінде білім алады.

Мекеме директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Кенесаринаның айтуынша, балалар ауылында балалар саны азайып келеді. Ауылда былтыр 75 бала болса, қазір 61 бала тәрбиеленуде. Жылдың ортасына қарай бұл сан тағы азаймақ.

Балалар ауылындағы тұрғындардың азаюына мекеменің педагогтары үлкен қосуда. Отбасыны қолдау қызметі аясында балаларды қаны бір жанұяларына оралту, патронаттық тәрбиеге беру сияқты жұмыстар жасалып, былтырғы жылдың өзінде 20 шақты жетім бала үкіметтің төсегінен отбасының жылы төсегіне ауысқан.

Балалар ауылында мемлекеттік тілдегі тәрбие бірінші орынға қойылған. Бұл жерде бәрі қазақша сөйлейді. Бұл жағынан олар қаланың бетке ұстар мектептеріне үлгі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар