18.03.2019, 17:47
Қараулар: 189
 » 
ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

Осыған дейін Сырым ауданының орталығы мен барлық ауылдық округтерінде «Қайсар» спорт клубы және Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тай жарыстары өтті.  Тайлар аламанының 2018 – 2019 жылғы маусымы кеше  «Ұлы дала дүбірі» атты ат спорты түрлерінен өткен аймақтық жарыспен қорытындыланды.  Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер Құсайын Бақтияров, ауыл ақсақалы Сүйінғали Дауылов қатысты.

 

Жұртты таңғалдырған «Тасқын»

 

Бәйгеге барлығы 18 тай тіркелген болатын. Таныстыру кезеңінде 4 тай  жастан асып кеткендігіне байланысты жарыс жолағынан шығарылды. Ережеге сәйкес, жарысқа түсуші тайлардың жасы бірге жетпеуі керек.

Төрешінің айқайынан кейін қозғалып кеткен тайлар ширек айналымдай бытырамай, шамаласып жүрді. Соның өзі біраз тайға ауыр тиді. 3 тай бірінші айналымды болдырған, болбыраған күйде аяқтады. Шабандоздары тайларын қинағаннан пайда жоқ екенін түсініп, жарыстан шығып кетті.

Екінші және үшінші айналымдарда тайлар арасында аса бір тартыс байқалған жоқ. Сырт көзге солай көрінгенімен, әрбір жүйріктің өзінің күшін сақтауға тырысып келе жатқаны түсінікті еді. Соңғы айналым – сақталған күштің салынатын уақыты. Оның үстіне, шабандоздар да жүйрігінің күшіне күш үстемелек болып, қайта – қайта қамшы ойнатып отырды.

Мәреге шабандоз Хамит Тұрлыхан тақымдаған «Гүлсары» атты тай мен Абай Кенжебаевтың «Сұркөжегі» және Қоңдыкер Елеуовтың «Тасқыны» қатар жақындады. Бәйгенің бәсекесі де негізінен осы үш тайдың арасында өрбіді. «Сұркөжек» те, «Гүлсары» да бірінші болып келер еді, «Тасқын» ширақтық танытпағанда. Бірақ, Қоңдыкердің әлі тай бола қоймаған 4 айлық құлыны – «Тасқын» мәреге екі тайдан бұрын жетіп, жұртты таңғалдырды. Жеңімпазға 50 000 теңге жүлде берілді.

Балқы Базардың жырында «Тайымда оздым құнаннан, Құнанымда озғанмын, Жеті жасар жуаннан» деген жері бар еді. Құнаннан тайдың озғаны ештеңе емес, кеше тайдан құлынның озғанын көріп, бір шулап қалды көрермен қауым.

Тай жарысында «Гүлсары» ІІ, ал  «Сұркөжек» ІІІ болып келді.

 

Аударыспақта – әкесі мен баласы.

 

Аударыспақ тай жарысынан да қызық болды.

«Ат үстіндегі күреске» 8 жігіт қатынасты. Олар бір – бірімен жеребе арқылы жұпталды.

Төлеби Қайыржанов деген жігітті жымпитылықтар атбегі ретінде жақсы таниды. бәйге мен көкпар болсын, аударыспақ болсын, қай – қайсысынан да тартынып көрмеген Төлеби кейінгі жылдары бапкерлікпен айналысып, ауыл балаларының бәрін атқа мінуге баулып жүр.

Жылқыға жақындық Төлебидің тұқымында бар. Оның атасы Қайыржан кезінде Волгоград облысы, Паласовка ауданы,  Кайсацкое станция тұрып, сол жерде жылқы ұстаған. Жылқышы қарт Иманғали мен Қуанғали деген егіз ұлдарын үш жастарынан бастап атқа шаптырып үйретті. Осы қасиетті өнерді, құтты кәсіпті кейін Қуанғалидың баласы Төлеби жалғастырды.

Біздер, Қайыржановтар туралы текке айтып отырған жоқпыз. Кеше жеребе солай тартылып қалып, Қайыржанов Төлеби өзінің әкесі Қуанғалимен аударыспаққа шықты. баласы әкесіне қауқар көрсете қоймас, жеңіле салар деп ойлады жұрт. Бірақ, жеңемін деген күннің өзінде де Төлебиге оңай болмайды екен. Әрі байқасты, бері байқасты. Бір кезде әкесі еңгезердей баласын аттың үстінен жалғыз қолдың қайратымен жұлып алды. Халық ду қол соқты. Жеребе «соқыр» десе «соқыр» екен, бір уақытта аударыспаққа Төлебидің туған інілері Әспембет пен Жұмабай шықты. аударыспақ осылайша Қайыржановтардың жанұялық жарысына ұқсап бара жатты.

Інісінен күші басым болған Әспембет финалға жолдама алып еді, оның финалдағы қарсыласы болып өзінің туған әкесі Қуанғали шықты. Баласы жеңісті әкесіне берді. Сөйтіп, Қуанғали Өтепов аударыспақтан чемпион атанды. Үш баласының атқа қонып, топқа кіруі Қуанғалидай әке үшін чемпиондықтан да биік мәртебе еді.

Бұл жарыста Әспембет Қайыржанов ІІ, ал қособалық Бағдат Ғабдрахимов ІІІ орын алды. Жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов марапаттады.

 

Көшелер жігіттіктің мектебіне айналуы керек.

 

Ат спорты түрлерінен спорттық жарыстардың аудан көлемінде жиі ұйымдастырылуына, соның ішінде жас балалардың ат спортына деген ынтасының оянуына Сырым ауданы әкімдігінің өзі мүдделі болып келеді. Үш жылдың ішіндегі үздіксіз жұмыстар жаман нәтиже беріп жатқан жоқ.

  • Тай жарыс, аударыспақ, асау үйрету сияқты жарыстардың спорттық маңызы өз алдына, бұлар ұлттық тәрбиенің де мықты құралына айналды. Алдыңғы жылдары атқұмар балалар жарыстарға ауылдастарынан тай сұрап алып қатысаты еді, қазір әрбір баланың өзінің тайы бар. яғни, ауылдарда атқа мінуден бөлек ат ұстау, оны баптау мәдениеті де жақсы дамып келеді. — дейді «Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов.

Аудандық мәслихаттың депутаты, кешегі жарыстың  бас төрешісі Серік Тоқмамбетов ауылдың көшелері төбелестің орынына емес, тай үйрету, атқа міну сияқты өнерлер игерілетін, жігіттік сабақтары көрсетілетін мектептерге айналуы керек деп есептейді. Серік Тоқмамбетов Қарасу мөлтек ауданын мен Өлеңті ауылындағы көшелер бұл бағытта белсенді екенін айтады.

Ауыл балаларының телефонға емес, тайға уақыт бөле бастағанын округтерде өткен тай жарыстарын ұйымдастыру кезінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат та байқапты.

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ