1.04.2019, 7:59
Қараулар: 172
Бауыржан ИХСАНОВ: «Рухы мықты адам спортта да, өмірде де – жеңімпаз!»

Бауыржан ИХСАНОВ: «Рухы мықты адам спортта да, өмірде де – жеңімпаз!»

Кеше Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбие сағаты өтіп, оған спортқа дарынды балалар мен олардың ата – аналары қатысты.

Тәрбие сағатын аудандық спорт мектебі директорының орынбасары Батырбек Мұратов жүргізді.

Тәрбиелік шарада Сырым аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Светлана Халилова балаларға заңның жауапкершіліктерін түсіндірсе, аудандық ауруханадағы салауатты өмір салты кабинетінің медбикесі Әлия Серікова спортты жай қызығушылық емес, өмірлік ұстаным ретінде ұстану жөнінде айтты. Ал «Сырым» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының төрағасы, теолог Ержан Жұмағожиев жас спортшылар мен олардың ата – аналарына діни сауаттылық мәселесі туралы дәріс оқыды. Теологтың айтуынша, қарапайым адамдармен салыстырғанда, шығармашылықпен және спортпен айналысатын жандар дінге ықыласты келеді. Жасөспірімдік шақ — оларға дұрыс дінді сауатты ұстану жайында ақпарат беретін дер уақыт.


Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен оның ауылдардағы өкілдіктерінде бүгінгі күні 528 оқушы спорттың 13 түрі бойынша жаттығады.
— Спорт мектебі әрине бірінші кезекте мықты спортшы шығаруға жұмыстанады. Бірақ біз түптің түбінде балалардың мықты спортшы болғанын ғана емес, рухы, жігері мықты адам болып қалыптасқанын қалаймыз. Рухы мықты адам спортта да, өмірде де — жеңімпаз. Сол себепті жаттығу жұмыстарынан бөлек, тәрбиелік шараларға да көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта мектеп оқушыларын ауданнан шыққан танымал спортшылармен жүздестіру де жоспарда бар. – дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар