2.04.2019, 20:17
Қараулар: 455
Додада топ жарғандар

Додада топ жарғандар

Сырым ауданының  әкімі Төлеген Төреғалиев республикалық білім додаларында топ жарған жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің оқушыларын қабылдады.

Қабылдауда пән олимпиадасының  республикалық кезеңінен  «Адам. Қоғам. Құқық»  пәнінен І орын алған  10 сынып оқушысы Айжан Тұрғалиева,   2 орын алған  11 сынып оқушысы Альбина Закина,  облыстық кезеңінде І орын алып, республикалық кезеңге қатысып қайтқан 11 сынып оқушысы Малика Ералиева, ғылыми жоба қорғаудан  екінші орын алған 9 сынып оқушысы Шадиар Елеубаева,  тарих және құқық пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғмановамен бірге болды.

Аудан әкімі білімпаз бойжеткендерге алғысын білдірді.  Республикалық олимпиада жүлдегерлеріне сөз беріліп,  Альбина Закина  бүгінде  құқық  пәні бойынша 100 пайыз грантқа ие болып тұрғанын, әйтсе де ҰБТ-ға қатысып, бағын тағы бір сынайтынын, болашақта заңгер мамандығын алғысы келетінін айтты.

Айжан Тұрғалиеваның айтуынша,  олимпиада екі кезеңмен өткен. Алғашқысында «Қазақстан  Республикасы тұрғындарының заңгер мамандығына сенімдері» атты эссе жазып, онда 50 балдың 39 балын алса, екінші кезең ситуациялық жағдайдан шығудан 50 балдың 40 балын жинады. «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясын вице-министрдің қолынан алған Айжан  оқыған, еңбектенген  адамның еңбегі еш кетпейтініне көзі жеткенін айтты.

Малика Ералиева бірінші эссе жазу кезеңінде  «Қазақстанға төніп тұрған жаһандық қатер» тақырыбында толғанып,  екінші кезеңде жағдаят шешу тапсырмасын орындаған.

Шадиар Елеубаеваның ғылыми жобасы ауданнан І орын алып, облыстық кезеңде және республикалық кезеңде екінші орынды жеңіп алды.

Оқушылардың ұстазы Гүлдана Нұғманова  мектеп бағдарламасынан тыс, жоғары оқу орнының  материалдары бойынша дайындағанын айтты.

Аудан басшысы Альбинаға ноутбук,  Айжанға планшет, Малика мен Шадиарға  смартфон, Гүлдана  Нұғмановаға  500 мың теңге ақшалай сыйлық беруді білім беру бөлімінің басшысына тапсырды.

Шынар Молданиязова