5.04.2019, 12:37
Қараулар: 424
 » 
Жатақхана тұрғындарының хал-ахуалы назарда

Жатақхана тұрғындарының хал-ахуалы назарда

Өлеңті ауылындағы әлеуметтік орталықтың мәжіліс залында аудандық мәслихат хатшысы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы  Шынар Дүйсенғалиева  қос жатақхана тұрғындарымен кездесіп, олардың әлеуметтік хал-ахуалымен танысып, ұсыныс-сауалдарына  жауап берді.

Кездесуге мекеме басшылары да қатысты.  Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының  құрылымдық маманы Сәбит Өмірзақов несие беру шарттарын, оқыту, даярлау, атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңінен  түсіндірді.

 

Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің  директоры Нұржауған Құлмұханова ата-аналардың балалар алдындағы жауапкершілігіне мұқият болу, ұрпақтың дені сау болуына мән беріп, чипсы, кока кола секілді семіздікке әкелетін тағамдарды балалардан аластату туралы айтты.

Аудандық аурухана директоры  Роза Тахамбетова  денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер ауданда жүзеге асырыла бастағанын, рентген, скринингтен уақытылы өту – түрлі аурулардың алдын алатынын атады.

Өлеңті ауылдық учаскелік полиция инспекторы Жанболат Аязбаев жатақханадағы тыныштық, тәртіп, тазалықты сақтамаған адам заң алдында жауап беретінін ескертті.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев жылу беру  мерзімі аяқталып келетіндіктен, көгілдір отынның төлемақысын  өтеу қажеттігін алға тартты.

Жиында жатақхана тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оларға мекеме басшылары мен Ш.Дүйсенғалиева жауап берді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА