8.04.2019, 15:14
Қараулар: 14
 » 
«Қызыл қырман» басталды

«Қызыл қырман» басталды

Сәуір айы туысымен Сырым ауданында «қой қоздап, қорада шу…» дегендей, мал төлдету науқаны өз күшіне енді.

Сырым ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және  ауылшаруашылығы бөлімінің  басшысы Қонысбай Молдағалиев өзінің қызметтік көлігінің тізгінін қолына алып, біздерді  дала төсіндегі  шаруа жәйімен таныстыруға  бастап шықты.

Түс ауа біздердің ат басын тіреген қонысымыз аудандық мәслихаттың депутаты, «Шідерті» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан  Хамидуллинің қыстақ орны болды.

Қазіргі заманғы сәйкесті қолайлы да  көрнекі құрылыс жабдықтарымен салынған, мал шаруашылығына, күнделікті  тұрмыстық ахуалға  лайықты материалдармен  қамтылған ғимараттағы жұмысшылардың да  көңілдері көтеріңкі көрінді.  Бақытжан Хамидуллин 2017 жылы «Шідерті» шаруа қожалығын құрғанда  43 ірі қара, 31 қой, 6 жылқысы болған екен.

Ал, бүгінде шаруасы жайланып, асығы алшысынан түсіп отырған Бақытжанның алғы жоспарлары да  өз алдына бөлек әңгіме.

Бақытжан бағымындағы  малды толықтай асылдандыруды қолға алған «Сырым» несие серіктестігі арқылы алынған қаражатқа Ресей Федерациясынан етті бағыттағы  85 ангус асыл тұқымды сиырлары сатып әкелінсе,  олардың алды бүгінде  төлдерін  бере бастады.

Қожалықта бағымда тұрған 80 асыл тұқымды бұқалар (әр бұқа 450 мың теңгеге сатып алынған) арнайы келісім шарт негізінде  жекелердің  малын  асылдандыру бағытында  табындарға  қосылатын болады.

–  Қыстақтан малымыз қоңды, шығынсыз шықты. Ангус тұқымдастардың  алды төлдей бастады.  Бұйыртса,  асыл тұқымды сиырларым түгелдей төлдеп, бұзаулары әлденген соң,  «Батпақты» деп аталатын жазғы орнымызға  көшетін боламыз»,- дейді қожалық жетекшісі Б.Хамидуллин.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қожалық басшысы Бақытжан Хамидуллин өзінің жұмыс жоспарына енгізген басты міндеттеріне сәйкесті Ресейден  тағы 200 ангус сиырын  сатып әкеліп,  асыл тұқымды  малды көбейткелі отырса, бие сауып – қымыз, сиыр сауып –сүт өнімдерін саттыққа шығаруды да ойластырып отыр.

Су жаңа 2, «МТЗ-852» тракторы, «Камаз» көлігі, шөп шабу, шөп тайлағыш, техника құралдары бар қожалық жетекшісі  малға жемдік үшін дәнді дақыл егу, көпжылдық шөп өсіруді де қолға алмақ.

 

Ауданға қарасты  «Саралжын» ауылында  (бұрынғы атауы «1 май») орналасқан Медет Кәкімов жетекшілік ететін  «Хамза» шаруа қожалығында  мал төлдету науқаны қыза түсіпті.

Қазірдің өзінде 200-дей  сиырдың  60-қа жуығы төлдеп үлгерсе, 400 қойдың алды да  төл беруді  күн санап, үдете түсуде.

Ал, қожалықта  бағымдағы  100- ге жуық жылқы  арасындағы биелер де құлындай бастапты.

Медет Кәкімов 2014 жылдың қараша айында «Хамза» шаруа қожалығын құрғанда саусақпен санарлықтай  ғана мал болса, бүгінде қожалықтың шаруасы жайланып, дала төскейі малға тола түскен.

БҚО аграрлық корпорациясы арқылы несиелік қаражат алуға қол жеткізген қожалық жетекшісі 13 жыл  асыл тұқымды қошқарлар сатып алса, асыл тұқымды бұқа ұстауға да баса көңіл бөлінуде.

Айтқандайын аталмыш қожалықта жылқы, ірі қараны бордақыға қойып,  семіртуге көп көңіл бөлініп отыр.

Мәселен, бордақыда тұрған 47  өгізше етке өткізілсе, жақында 9 бас ірі қара етке жөнелтілген.

Бүгінде 3 жылқы, 2 сиыр бордақылау  алаңына қойылып,  семіртілуде.

–  Қыстақ науқаны ойдағыдай өтті. Шөп, жем қоры жеткілікті болды.  Қордағы артық шөпті  саттыққа шығардық.  Қожалықта малды семірту алаңына қоюға, мал етін жәрмеңкеге саттыққа шығаруға жыл сайын көңіл бөлудеміз. Малдар төлдеп болған соң, құтты мекен «Тасемен» жазғы орнына көшетін боламыз, деді қожалық басшысы М.Кәкімов.

Қожалықта  6 адам тұрақты жұмысқа тартылып, науқан кезінде адам саны арта түседі.

Осы тұрғыда Бекболат Нысанов, Мағзом Шаймарданов, Қайрат Баяндиев секілді азаматтарды қожалық жетекшісінің сенім артар, шаруа жәйін білетін нақ сүйенерлік тұлғалары деп айта аламыз.

«Қызыл қырманның» өз деңгейінде, ұйымшылдықпен жүруі де осындай нар тұлғалы, еңбекқор жандарға тікелей байланысты болса керек.

Мүсірбек Айташев,

Суреттерді түсірген Ақеділ Нұрмашев, газеттің штаттан тыс тілшісі