18.06.2019, 17:43
Қараулар: 333
АҚТӨС

АҚТӨС

Өткен жылдың күз айының  салқынды күндерінің бірі еді.  Жеке кәсіпкер, жымпитылық  Хайырсапа Сармурзин «ГАЗ-53» маркілі көлігімен  тұрғындардың  кәріз құдығынан сорылған  лас суды ауыл орталығынан 4 шақырым жерде орналасқан алаңға төгуге  келіп тұрған беті еді.

Кенет, үйінді қоқыстың маңынан  қыңсылай  үн шығарған дауыстың құлағына  келгені бар.  Аянышты үн басылар емес, қайта үдей  түскені.

Әуелден  қанына сіңген қасиеті – өзге үшін  көмек қолын созуға әзір тұратын, көкірегінде аяушылық сезімі басым Хайырсапа  қыңсылай  үн шығарып жатырған  қоқыстың  қасына қалай жетіп барғанын өзі де  сезбей қалды.

Масқара, Хайырсапаның   жанарына бірден шалынғаны көзін жаңа ғана  ашқан  сегіз күшік аяқтарын сермеп, өзгеден көмек күткендей  аянышты жағдайда қыңсылап жатыр.

Жанарынан  жас ыршып кеткен Хайырсапа  күшіктерді  қолына алып, алақанымен сипалай ұстады. Бәрі түсінікті жағдай еді. Күшіктердің бар кінәсі  аналық болғандықтан, «құтылудың жолы осы» деген сыңаймен белгісіз жанның  әкеліп тастағанына, үш аптада суық желдің өтінде жатып  әбден ашығып қалғандығына да Хайырсапаның көзі жетті. Көңілін аяушылық сезім баурап алған  Хайырсапа  күшіктерді  ауқаттандырып, аяқтарынан тік тұрғызуды  қосымша жұмыс ретінде  қолға алды.

Үш аптадай ашығып қалған өте кішкентай күшіктерді аяқтарынан тұрғызу оңай болмады. Аудан орталығындағы  мейрамханадардың кәріз құдығындағы  суларды сорғалы барғанда, қызметкерлер (тұрғындар бұл жағдайдан хабардар еді)  «күшігіңе ала барғайсың» деп  қалдық  тағамдарды ыдысқа салып беріп жатады.

Қалдық тағамдарды күшіктерге әкеліп, бергенмен де, ашыққандықтан  жақтары қарысып қалған жеті күшік  өліп қалды да,  тек біреуі ғана талпына тамақ жеп, тірі қалды.

–   Тірі қалған күшікке «Ақтөс» деп ат қойдым. Қазір «Ақтөс» әбден маған бауыр басып алған, қасымнан бір сәтке де қалмайды»,- дейді Хайырсапа Аралбайұлы.

Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік жанға тап болған «Ақтөс» алдағы күз айының соңына таман бір жасқа толмақ.

Бір қызығы, даладағы қоқыстың маңынан жатар жері жылы, ыңғайлы болсын  деген ниетте Хайырсапа  үйшік жасап берсе де, «Ақтөс» иесіне әбден бауыр басып қалғандығы соншалық, өзге көліктерге мән берместен, иесінің  көлігінің даусы естілісімен, еркелей  алдынан шауып шығатын әдет шығарды.

–  Көлігімді жөндеп, екі күндей межелі  жерге бармай  қалған едім. Үшінші күні кезекті тапсырыспен  кәріз  суын төккелі  келе жатсам, өзіме үйреніп  қалған  күшік жолға  қарайлап, мені күтіп жүргендігін байқадым.   Көлігімнің дауысын танып,  балаша қуанып,  алдымнан еркелей жүгіріп шықты. Осы сәттен соң, «Ақтөс» көлігінің кабинасынан түспейтін  серігіне айналып,  жүре берді,- дейді  Хайрекең  сөзге араласып.

Күндіз-түні  көліктің кабинасында жататын,  бөгде адамды көлікке қарай ырылдап, жақындатпайтын «Ақтөс» ертеңгілік иесі көлігін оталдырғанда сапарға да бірге аттануға әзір тұрады.

Адамша сөйлей алмайды демесең, «Ақтөс»  қимыл-қозғалыстың  бәрін түсінеді. Далаға барғанда  көліктен секіріп түсіп, серуендейді, өзенге түсіп, шомылады, көлік оталғанда, түсінігі сондай, шауып  келіп, иесінің қасына жайғасып алатын. «Ақтөс» магнитоладан шыққан сазды әуенге  қосыла ыңылдай  ән де айтатын қасиеті бар екенін  байқадық.

Хайрекең малдәрігерлік дәріханадан  тиісті дәрі-дәрмегін сатып алып, «Ақтөстің» саулығын, тазалығын сақтауды қадағалап отырса, түрлі аурулардың  алдын алу мақсатындағы егу шараларын  да жоспарлы іске асыра білуде.

«Ит – жеті қазына», «Ит – адамның досы»  деген мағыналы  сөздерді  жиі естиміз. Өмір болған соң, адамдар арасындағы қатыгездікті, жауыздықты кездестіріп жатамыз. Ал, жоғарыда әңгіме еткен  зейнеткер, кәсіпкер жан Х.Сармурзиннің екінің бірі жасай алмайтын  адамшылық, аяушылық қасиетін  жастарға, балаларға үлгі-өнеге болсын деген ой-ниетпен қағазға түсірдік.

Тіршілік иесі хайуанға да қамқор боларлық осындай адамдар көп болса, мейірімсіздіктің, қатыгездіктің де арамыздан алыстай түсері анық нәрсе.

Мүсірбек Әлібекұлы