18.06.2019, 17:48
Қараулар: 636
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ АРУ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ АРУ

Мемлекеттік қызметші әділ, адал, жауапкершілігі зор,  қоғамның өзіне деген сенімін тудыратындай болуы керек.  Ол үшін бір ғана кәсіби біліктілік пен  білгірлік жеткіліксіз. Мінез-құлқы,  моралдық-адамгершілік қасиеттері жоғары болуы тиіс.  Мемлекеттік қызметті таңдап, аталған адами құндылықтарды бойына сіңіріп,  қазақ қызының қасиетін айшықтап, болмысын бейнелейтін арулардың бірі – жас мемлекетші Әсем Шукатова.  Ол – жауапты, ұқыпты, салауатты өмір салтын ұстанып, насихаттап жүрген, мемлекеттік қызмет пен спортты қатар алып келетін,  елдің сүйкімдісіне айналған ару.

Әсем – көпбалалы отбасында тәрбиеленген, әкесі Мағалым мен  анасы Сәнияның бес перзентінің  кенжесі.

Аудан орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінде білім алды. Он бір жылдық білімінің жемісі сол – «Алтын белгіге» үміткер атанды. 4 сыныптан бастап, спортты жанына серік етті.  Жеңіл атлетикадан республикалық   жарыстарға қатысып, ауданның абыройын асқатты. Әсемді спортқа баулып, белестерді бағындыруға сеп болған ұстазы – Руслан Чукуров еді.  Белсенді оқушы ретінде  мектептің қоғамдық жұмыстарының ортасынан табылды. Жан-жақты Әсем тарих пәнін сүйіп оқыды. Он бірінші сыныпта таңдаған пәні де тарих болды.  Жас түлек 2012 жылы  Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Мәдениеттану» мамандығына оқуға түсіп, 2016 жылы білім ордасын қызыл дипломмен бітіріп шықты.  Студент кезінде де алдыңғы қатарда жүрген спортшы қыз  университеттің  қыздар футбол құрама командасында ойнады. Нұр-Сұлтан қаласында озат қызға жұмысқа қалуға үлкен мүмкіндік туып тұрса да, Әсем туған жеріне қызмет ету үшін елге оралды.  Туған жерінің өсіп-өркендеп, гүлденуіне үлес қосуды мақсат тұтты.

Жымпитыға келген соң, аудан әкімдігінде 6 ай «Жастар тәжірибесінен» өтті.  Сол кезде-ақ Әсем мемлекеттік қызметтің жанына жақын екенін ұғынды.  Заңдарды оқып, тесттан өтіп,  2017 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып  мемлекеттің қызметтің сатысының алғашқы баспалдағын аттады.  Мемлекеттік қызметтің жүгін сезініп, жауапкершілігін, білімін, тәжірибесін арттыра түскен Әсем  сол жылдың желтоқсанында  аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру  жұмыстары және мемлекеттік  қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы қызметіне ауыстты. Ал, биылғы маусым айынан бастап Әсем Мағалымқызы аудан әкімі аппаратының  персоналды басқару қызметі бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарып келеді.  Мемлекеттік қызметтегі үш жылда да Әсем спорттан қол үзген емес.  Үш жыл қатарынан мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадаға қатысып жүр.  Баскетбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, волейбол, президенттік көпсайыстан жүлделі орындар Әсемнің еншісінде.  Жеңіл атлетикадан екі рет  І орын алды. Биылғы облыстық мемлекеттік қызметшілер арасындағы  жеңіл атлетика, баскетбол,  президенттік көпсайыстан үздік көрінді.  Ауданның мемлекеттік қызметшілер командасы биыл алғаш рет облыста І орынды жеңіп алды. Бұл жеңісте Әсем Мағалымқызының зор үлесі бар екенін әріптестері мақтанышпен айтады.

–  Әкем өмірден ерте кетті.   Ата-анамның кенжесімін. Бауырларым бәрі аяқтанған.  Жалғыз анамның үмітін ақтап, оны жерге қаратпасам деймін.  Осы күнге жетуім – анамның  арқасы. Менің жақсылығымды ғана көріп, қуанып отырғанын қалаймын. Сондықтан өзім сүйіп  еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметті абыроймен атқаруға күш саламын. Жұмыстың қиын кездері болса да, жеңуге тырысамын. Әр қиындықты жеңе білген сайын, қызметімді жақсы көре түсемін.  Қазақстан  Республикасы Президенті жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына  түсіп,  біліктілігімді, тәжірибемді  шыңдап,   алған білімімді туған жерімді дамытуға жүзеге асыру –  мақсатым,- дейді жас мемлекеттік қызметші Әсем Шукатова.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА