19.06.2019, 17:04
Қараулар: 75
 » 
ҚАДЫР МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ «STREET WORK OUT» АЛАҢЫН САЛЫП БЕРДІ

ҚАДЫР МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ «STREET WORK OUT» АЛАҢЫН САЛЫП БЕРДІ

Бүгін аудан орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің ауласынан «Street Work Out» алаңы ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында  мектептің 21 жылдық және  20 жылдық түлектері, яғни, 81 және 82 жылғы туылған ауыл азаматтары  жаңа алаңды сыйға тартты.

Тұрғындарға түсінікті болу үшін айта кетейік, ағылшын тілінен аударғанда, «street»  – көше,  «work» – жұмыс,  «out» – тыс, сонда «Street Work Out» жұмыстан тыс уақытта демалып,  шұғылданатын алаң деген мағынаны білдіреді.

Алаңның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысып сөз сөйледі:

–  Түлектер, жүрегі «елім» деп соққан азаматтар жер-жерде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының  «Туған жер» жобасына  үлестерін қосуда. Өскелең ұрпаққа рухани, патриоттық тәрбие беруде бұл бағдарламаның маңызы зор. Біздің ауданда өткен жылы  барлық ауылдық округтерде «Жерлестер форумы» өткізіліп,  «Туған жер» жобасы аясында  аудан бойынша 18 млн теңгенің жұмысы атқарылды.  36 млн теңгенің жұмысына меморандумға қол қойылды. Биыл осы жоба шеңберінде 4,5 млн теңгенің  жұмысы жасалды. Бұл жобадан тыс Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 1998, 1999 жылы бітірген түлектері ұрпақ үшін игілікті іс жасап жатыр. Елдің атынан сіздерге үлкен алғысымды білдіремін. Бұл істеріңіз – сіздердің елге, мектепке деген сүйіспеншіліктеріңіздің көрінісі, спортпен шұғылданатын, салауатты өмір салтын ұстанатын өскелең ұрпақ үшін  үлкен мүмкіндік, -деді Төлеген Серікқалиұлы.

Ардагер спортшы Ғилаж Қаналиев «Бұқаралық спортпен шұғылданатын халықты 30 пайызға жеткізу туралы Елбасы тапсырма берсе, бүгінде ауданда бұл көрсеткіш 28 пайызға жетті»,- дей келе, алаңды ел игілігіне  беріп отырған азаматтарға алғысын білдірді.

Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің  1998 жылғы түлектері атынан Исатай Темірбаев пен 1999 жылғы түлектер атынан Жанбол Галиев сөз алды. Ж.Галиевтың айтуынша, өткен жылғы «Жерлестер форумында»  1999 жылдың түлегі Чингиз Шайхиев  мектеп бітірулеріне 20 жыл толуына орай «Street Work Out»  алаңын салып беру туралы жоспарын айтқан болатын. Түлектер  біліммен сусындатып, үлкен өмірге жолдама берген ұстаздары мен мектебіне алғысын осылай білдіруді жөн көріпті.

И.Темірбаев алаңды салып беруге бір кісідей жұмылып, атсалысқан құрдастарының ауызбірлігіне разылығын жеткізіп, жастардың игілігіне пайдаланатын спорттық нысанына айналатынына сенімін білдірді.

Лента қию рәсімін ардагер спортшы Ғилаж Қаналиев, 1998 жылғы түлек Исатай Темірбаев, 1999 жылғы түлек Чингиз Шайхиев жүргізді.

Елдің қуанышына ортақтасқан үлгілі Шайхиевтер отбасылық ансамблі шараны «Туған жер» әнімен әрлей түсті.

Одан кейін спортшылар турникке тартылудың түрлі тәсілдерін  көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА