16.07.2019, 17:44
Қараулар: 464
Шөптен өнім аз, қымбатшылық қысып тұр

Шөптен өнім аз, қымбатшылық қысып тұр

Сырым ауданы бойынша алдағы мал қыстағына 148,9 мың тонна шөп қорын дайындау межесі тұр. Қазіргі таңда мал азықтық қорды дайындауға 12 ауылдық округ бойынша 203 шаруашылық құрылымдары білек сыбана кіріскен.

Биылғы жылдың көктемгі кезеңіндегі ауа райының салқындығына байланысты шабындықтағы шөптің шығымдылығы өте төмен, қысқа болуы жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. Тұрғындардың алаңдауларының да жөні бар. Өйткені, қазіргі кезеңге дейін аудандағы жоспарлы меженің бар болғаны 18,4 %-ға орындалып, немесе 27,4 мың тонна мал азығының әзірленуі, шөптің шығымдылығы әр гектарға есептегенде 2,4 центерден өнім беруі әркімді де ойландырарлық жағдай еді. Ауылшаруашылық техникаларына қажетті қосалқы бөлшектердің тым қымбаттауы, негізгі қордан далалық жұмыстарға бөлінетін жағармайдың арзандатылған мөлшері өткен жылы әр литрі 141 теңгеден болса биылғы жылы литрі 165 теңгеден болуының өзі тұрғындарға сатылымға шығарылып отырған трактордың бір тіркемесіндегі бос шөптің құны 25000 – 30000 теңгеден, бір бума(рулон) шөптің құны 3000-4500 теңгеден бағалануы әркімнің де қалтасына оңайға соғып отырмағандығы белгілі жағдай. Осындай жәйттер көңілді мазалаған соң аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаев, Алғабас ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Құмарғалиевпен бірге Алғабас ауылындағы пішенші-механизаторлардың хал-ахуалдарымен танысуға бағыт алдық.

******

Шіліңгір шілденің орта кезі. Көптен жаңбыр табы тиіп көрмеген жер беті соңғы екі күнде жауып өткен жауыннан соң иіні қана бусанып жатыр. Сонау көз ұшында мен мұндалап көрінген пішеншілерге де келіп жеттік. Әңгімелесе келе ат басын алғаш тіреген бұл межелі жеріміз «Зейін» шаруа қожалығының жетекшісі Қаржау Жаледеновтың мал азығын дайындайтын қырлықтық алаңы екен. 1997 жылы өз алдына жеке шаруа қожалығын құрып, бүгінде 70-ке жуық сиыр, қой, 10 жылқысын бағып отырған зейіндіктердің қыс алды қамданысқа кірісіп-ақ кеткендері көрініп тұр. Шөп шабу мен тасымалда механизатор Тайман Жаледенов, көмекшілері Алтай Жаледенов, Азамат Зейін «өзім дегенде өгіздей қара күшім бардың» кейпін көрсете еңбектенуде.

 


– Қыстақ орнымыз «Жаңаөңір» ауылының басында болса, малдың жайылысы «Мұқанбет оры» бойында. Биылғы жылы жауын болмады, көлдіктерге су шыққан жоқ. Ендігі үмітіміз тек қырлықтағы шөпте ғана. Бүгінде 100 гектардай алқаптағы қырлықтың шөбіне орақ салудамыз, өнім гектарына 2 центнерден айналуда. Қырлықтағы шөптен 600 центнердей азықтық қорды малымызға дайындап алуды межелеп отырмыз. Айтқандайын соңғы жылдары  тұрақты дәстүрімізге енген қайырымдылық көмек ретінде ауыл тұрғыны, мүгедек анасын бағып отырған Мұрат Қалесовке малдарына 3-4 арба шөпті тегін жағдайда түсіріп беруді биылғы жылы да қолға алатын боламыз, — дейді қожалық мүшесі Т.Жаледенов.

Алғабас ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Құмарғалиевтің сөз саптауына қарағанда биылғы жылы округтегі «Сулыкөл», «Орлыкөл», «Барқынкөл», «Сасықкөл», «Ащыкөлге» судың құйылмауы себепті ендігі үміт тек қана қырлықтағы шөптің шығымдылығына ғана байланысты болуда. Округ бойынша қыстаққа 13000 тонна шөп қоры дайындалуы қажет болса соның шілде айының ортасына 3000 тоннасы ғана дайындалып тұр. Барлық мүмкіндікті қырлықтағы шөпті шауып жинап алуға жұмылдырған округтегі 19 шаруа қожалығының назары да жоғарыда сөз еткеніміздей қырлықтағы өнімге ауған. Ал, қырлықтағы өнім әзірге әр гектарына 2-2,5 центнерден беруде. Осы жерде айта кетуіміз керек қазіргі заманға сәйкесті тұрмыстық ахуалы қалыптасқан, жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған «Сасықкөл» елді мекенінің «Ақшолан» қонысында мекендеген Болат Беркалиев жетекшілік ететін «Беркәлі» шаруа қожалығы мал басын түбегейлі асылдандырумен айналысуда. Қазірдің өзінде қыстақ алды 420 тонна шөптің орнына 210 тоннадай шөпті буып, тасымалдаған қожалықтағы пішенші-механизаторлар Асылбек Үмбетқалиев, Жалғас Нұрғалиев науқанды жұмыста үзілістерге жол берілмейтіндігін айтады.
Өзіндік еңбек  тәжірибесі мол, көп жылдар бойы шаруашылық саласында білек сыбана еңбек етіп жүрген, бүгінде «Толқын и К» ЖШС-ның төрағасы Шайдолла Мусағалиев (суретте) бағаның тұрақсыздығына, қымбатшылыққа өзіндік алаңдаушылығын жасырмады.

– Серіктестіктің иелігінде 30 сиыр, 50 қой бағымда болса, 1500 гектарлық қырлықтағы шөпті қыстақ алды шауып, буып, үйіп алуға кірістік.
Қазірде науқанның бел ортасында механизаторлар Берікқали Кабулов, Жанболат Мусағалиев тынымсыз еңбек етуде. Табиғаттың бермегеніне істер шара жоқ. Көлдіктерге су шықпады екен деп қол қусыра қарап отыруға әсте болмайды. Сондықтан уақытты тиімділікпен пайдаланып, қырлықтағы өнімді жинап алуға қолдағы бар мүмкіндікті жұмсаудамыз. Өткен жылдары гектарына 5 центнерден өнім беріп жүрген қырлықтан бүгінде гектарына 2,5 центнерден өнім алынуда. Бұған да шүкіршілік етуіміз керек. Көңілге демеу етерлігі құмдасын болған соң қырлыққа шөп аласа болса да қою болып шықты. Әрі түннің салқындығы, күннің ыссылығы да бұған басты себепкер болды. Ең бастысы қырлық шөптің шығымдылығы тәуір ақселеу, жусан жоқ, таза болғандықтан малға да сіңімді, жұғымды болары анық. Мені осы тұрғыда мына жағдай қатты мазалайтындығы рас. Қымбатшылық, баға тұрақсыздығы деген жұмысқа үлкен кедергісін тигізуде. Мәселен, науқан кезінде 6 тоннадай жағармай қажет болса, бүгінгі сатылымдағы жағармайдың әр литрі 192 теңге, (өткен жылы литрі 170 теңге болды) ал шөпті буатын бір орам жіптің бағасы өткен жылы 7000 теңгеден болса, биылғы жылы 9000 теңгеден бір шыққан. Ал қосалқы бөлшектердің бағалары да осылардың кейпін кешкен. Міне, қуаңшылық, бағадағы осындай қымбатшылық болған соң тұрғындарға сатылымдағы шөп құндарының да жоғарылау себептері осында болса керек» — деп ағынан жарылды Ш.Мусағалиев.

Иә, еңбектің нақ ортасында шыңдалған, тәжірибелі жан Ш.Мусағалиев осылай дейді. Бірақ, қымбатшылық етектен тартып, аяққа оралғы болып отыр екен деп қысылып отырған Шәкең жоқ. Жылдағы қалыптасқан дәстүріне сәйкесті «Сасықкөл» елді мекеніндегі қамқорлығына алған ауыл тұрғыны Ә.Дарғұлов сынды азаматтың ауласына 20 бума шөпті малдарына тегін жеткізіп берсе, тапсырыс берушілерге әр бума шөпті 3000 теңгеден саттыққа шығаруда.
Сонымен алдағы мал қыстағына шөп қорын әзірлеудегі пішеншілердің қам-қарекеті осындай деңгейде. Аудан бойынша өткен жылдан қалған 7096 тоннадай шөп қорда бар. Бірақ, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін жекелерде де, шаруашылық иелерінде де шөптің жеткілікті деңгейдегі қоры дайындалып алынуы тиіс. Демек, бар үміттерін қырлықтағы өнімге артып отырғандардың сенімдері ақталса дейміз де.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген Айжан АМАНГЕЛДИНА

Редакциядан: Материал баспаға әзірленіп жатырған кезде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегі лауазымды тұлға иелері хабарласып, аудан орталығына Бұлдырты ауылынан «Иманғали», «Игілік», шаруа қожалықтары, Қособа ауылынан «Жарқын» шаруа қожалығы бір бума(рулон) шөпті 4500 теңгеден саттыққа ұсынғандарымен тұрғындар тарапынан ешқандай ынталық болмай отырғандығын хабардар етті.
Егер тұрғындар тарапынан ауылға келіп тұрған шөпті қымбатсынып, сатып алуда енжарлық созыла берсе шөптің бағасы алдағы күзде бұданда жоғарылап кететіндігін мамандар ескертеді.