18.07.2019, 16:19
Қараулар: 436
ҚОСОБАДА ЖАҢА ӘКІМ

ҚОСОБАДА ЖАҢА ӘКІМ

Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Қособа ауылдық округінің активіне округтің жаңа әкімін таныстырды. Бұл лауазымға Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімі негізіндегі аудан әкімінің өкімімен Бейімбет Жайманов тағайындалды.

 

Бейімбет Жайманов 1969 жылы Сырым ауданы, Қособа ауылында дүниеге келген. Мамандығы – педагог. Осы уақытқа дейін Жырақұдық мектебінде қызмет еткен ол кейінгі жылдары Қособа орта мектеп – балабақша кешенінің директоры болып еңбек етті.

  • Бейімбет Есетұлының білім беру саласындағы тәжірибесі, ауылдың қоғамдық – саяси өміріндегі белсенділігі жаңа қызметті жоғары деңгейде атқаруға жетеді деп ойлаймын. Қособа ауылдық округі – шаруашылығы ширақ, әлеуметтік нысандары толық қарқынды жұмыс жасап тұрған, халқы тығыз округ. Округтің жаңа әкіммен жаңа табыстарға жете беруіне тілектеспін! – деді аудан әкімі өзінің сөзінде.

 

Округ әкімі лауазымын осы уақытқа дейін атқарған Жұмабай Сатаевқа қособалықтар өте разы. Сатаев мырзаның 4 жыл мерзімнің ішінде ауылдың білікті басшысына ғана емес, әрбір қособалықтың туғанына айналып кеткендігіне куәміз. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев те әріптесінің іскерлігін, ауылдың саяси және мәдени өміріне әкелген жаңалықтарын атап өтіп, оған алғыс хат пен сыйлық тапсырды.

 

Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева округ әкімінің сайлауында Сырым аудандық мәслихатының депутаттарының корпусы толықтай Бейімбет Жаймановтың кандидатурасын қолдағанын айтып, қызметіне сәттілік тіледі.

Жиыннан кейін аудан басшысы Бейімбет Жаймановты ұжымымен таныстырып, бірқатар тапсырмалар берді. Жаңа әкімнің алдында алдыңғы ретте халыққа мал азығын қолжетімді етіп ұйымдастыру шаруасы тұр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Қособа ауылы