1.08.2019, 11:56
Қараулар: 137
Сырым ауданының әкімі депутаттар алдында есеп берді

Сырым ауданының әкімі депутаттар алдында есеп берді

Сырым аудандық мәслихатының ХХХХІІІ сессиясы өтіп,  Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев мәслихат депутаттары алдында 2019 жылдың І жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Сессияға облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің Сырым ауданындағы қоғамдық өкілі Есберген Әжібаев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.

 

Төлеген Төреғалиев есептік баяндамасына кіріспес бұрын, осыған дейін халық тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі жөнінде мәлімет берді.
Ауылшаруашылық саласының аяқалысы және одан да өзге бірқатар ақпарлар мен мәселелерді газеттің өткен санындағы аудан әкімімен болған сұқбаттың барысында айттық. Сұқбатта қамтылмаған кәсіпкерлік саласы жайлы тоқталатын болсақ, 2019 жылдың 5 айының қорытындысымен барлығы 1241 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3, 5 пайызға өсіпті. Тіркелген кәсіпкерлердің 89, 5 пайызы жұмыс жасайды. Сәйкесінше, өндіріс пен қызмет көрсету көлемі былтырғы жылдан 2, 9 пайызға өскен.

Аудандағы мал азығының қорының жоспары 148, 9 мың тонна болса, ол жоспар бүгінгі күні 41 пайызға орындалыпты. Қазіргі уақытта 179, 67 га жер шабылып, өнімділік 3, 0 центнерді құрады. Алынған өнім 53, 9 тонна, оған былтырдан қалған 7, 1 тонна шөп қосылып отыр.
Сералогиялық және сауықтыру шаралары кезінде зерттелген 28 957 ірі қара малының 879 – ынан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл бағыттағы шараларды күшейту мақсатында Аралтөбе, Тоғанас ауылдарында және Алғабас ауылдық округінің Сасықкөл елді мекеніне сауықтыру шаралы жүргізілді.
Биылғы жылы 5 елді мекен бойынша ауыз су желілер жаңғырту жұмыстары басталды. Жұмыстар аяқталса,  халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші Сырым ауданында 85, 8 пайызға жетеді.

Аудан басшысы жасалған жұмыстарға шолу жасап қана қоймай, негізгі мәселелерді сөз арасында атап өтті. Соның бірі – ауданның білім сапасын көтеру. Осы мақсатта Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылынан жаратылыстану және техника ғылымдарына дарынды балаларға арналған лицей ашылмақ.
Әкімнің есептік баяндамасынан кейін, жарыссөзге жазылғандар сөйледі. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев Қазақстан негізгі мектебіндегі бала санының аздығына алаңдаушылық білдірсе, аудандық мәслихат депутаты Роза Ихсанова Тоғанас ауылының кіреберіс жолын жөндеу, ауылға спорт алаңын салу, В. И. Шубин атындағы мектептің терезелерін жаңарту жайлы ұсынысын айтты.
Сессия жұмысын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы