26.08.2019, 11:42
Қараулар: 125
Діни сауаттылықты арттыру қажет

Діни сауаттылықты арттыру қажет

Аудандық мұсылмандар мешітінде «Сырым» деструктивтік ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Сырым ауданына қарасты ауыл имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар өтті. Семинарды Орал облыстық орталық мешітінің найб имамы, ЖАНТ мүшесі Ерденбек Ихсанов, аудандық мешіттің бас имамы, ЖАНТ мүшесі Әлішер Ералиев, «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының төрағасы, теолог маман Жасқанат Ерсайынов ұйымдастырды. Семинарға Жетікөл, Бұлдырты, Аралтөбе, Қособа, Бұлдырты ауылдық округтерінің имамдары қатысып,  қоғамда белең алған, жаназаның дұрыс шығарылмауы, неке қиғанда, балаға ат қоюда нені ұмыт қалдырдық және жат ағымдарға байланысты төнетін қауіптің алдын алу мақсатында әңгіме өрбіді.
Ерденбек Жанұзақұлының айтуынша,  қазіргі кезде қоғамда болып жатырған діни мәселелерді көтергендей болдық, дүмше молдалардың  санын азайтып, білікті имамдардың сауатын арттыруымыз тиіс.


Дүниеге келгенде бәріміздің құлағымызға азан шақырылып, ат қоятыны мәлім. Азан шақыру үшін де молданы шақыратынымыз анық. Ал, молдаларымыз жаназа намазын оқуға, азан шақырып ат қоюға барғанда, ешқашан ақша үшін немесе басқа бірдеңе дәметіп баруына болмайды. Дінді кәсіпке айналдырмай,  тек Алла разылығы үшін ғана оқуымыз керек.


Семинарда бұдан бөлек неке қию рәсімдерінің шарттары, малды құрбандыққа қалай шалу керек екендігі де қозғалды.
Жасқанат Тілекқабылұлының айтуынша, алдағы уақытта облыстан сайдың тасындай іріктелген имамдарды, теологтарды, медресе  ұстаздарын алдырып, ауданарлық деңгейде имамдардың діни сауаттарын нығайтып, біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар өткізу жоспарда бар.

                                      Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы