27.08.2019, 17:25
Қараулар: 384
Ардагер спортшыға арналған турнир

Ардагер спортшыға арналған турнир

Жақында аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудағы еңбегі үшін төсбелгісінің, Қазақстан Республикасының Конституциясының 20 жылдығына және Армия генералы Сағадат Нурмагамбетов атындағы медальдарының иегері Каналиев Ғилаж Молдашұлының 70 жасқа толуына орай ардагерлер арасында стритболдан аудандық ашық турнир өтті.
Шараға аудан орталығы мен ауылдық округтерден 40 жастан жоғары спортшылар қатысып,  бақ сынады. Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары А.Саркулов құттықтау сөз сөйлеп мерейтой иесінің иығына шапан жапса, Ғилаж Молдашұлы ұзақ жыл қызмет атқарған аудандық «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» атынан мекеме директоры Б.Ихсанов ардагер спортшыға алғыс хат пен сыйлық табыстады.

Жарыс тартысты өтіп, нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды «Аудан орталығы» командасы, ІІ орынды Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің ардагерлері иеленсе, «Қайсар спорт клубы» командасы ашық турнирдің жеңімпазы атанды. Алғабас ауылдық округінің командасы «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. Ал жекелей көрсеткіште көзге түскен үздік ойыншылар А.Утегенов(Қайсар) «Үздік қорғаушы», А.Утешов (Қ.Мырзалиев) «Ардагер ойыншы», М.Каналиев (Отбасы) «Үздік ойыншы», А.Канатов (Алғабас) «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша марапатталды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпазға, үздік ойыншыларға «Қайсар спорт клубы» МКҚК атынан кубок, медаль мен арнайы диплом, ал Ғилаж Молдашұлының ұл-қыздарының атынан қомақты ақшалай сыйлық табысталды.

                                                                           «Қайсар» спорт клубы