29.08.2019, 16:56
Қараулар: 400
Сырым ауданында үздік педагогқа 500 мың теңге сыйақы берілді

Сырым ауданында үздік педагогқа 500 мың теңге сыйақы берілді

Бүгін Сырым ауданында «Keleshekke – kemel bilimmen!» атты аудандағы білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі өтті.

Пленарлық бөлімде аудан мұғалімдері әріптестерінің «Әлеуметтік жобалар арқылы тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру», «Үштілді білім беру: маңызы мен өзектілігі», «Жас педагог – жарқын болашақтың бастауы» атты тақырыптардағы баяндамаларын тыңдады.

Кеңес жұмысының қорытындысында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы, орта және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу – әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров сөз сөйлеп, аудан педагогтарын марапаттады. Ауданның білім беру саласына, сол арқылы мемлекеттің білім беру ісіне үлес қосқан бірқатар сырымдық ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатына, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім беру бөлімінің Құрмет Грамотасына ие болды.

Тамыз кеңесінің салтанатты шарасында Сырым ауданы әкімдігі Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі, ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың қолынан алғыс хат алған Гүлдана Нұғмановаға 500 000 теңгенің сыйақысын тапсырды. айта кетейік, Гүлдана Нұғманованың шәкірттері екі жыл қатарынан республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанды.

Осы күні аудандық білім беру бөлімі ғимаратының алдында ұстаздардың жаңартылған Құрмет тақтасы ашылды.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы