2.09.2019, 10:42
Қараулар: 347
Сырым ауданында жаңа мектеп – лицей ашылды

Сырым ауданында жаңа мектеп – лицей ашылды

1 қыркүйек Білім күні Сырым ауданында мектеп – лицей ашылды. Лицейдің алғашқы қоңырау салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

  • Біздер – Тәуелсіз, егемен елміз. Сол егемендікті сақтап қалуға білім керек. Әлемнің дамыған елдері де жетістікке білімнің арқасында ғана жетіп отыр.

Жымпитыда бүгін тұңғыш мектеп – лицей ашылуда. Оның тұңғыш шәкірттері – Сіздерсіздер! Сіздерге артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Лицейдің оқушылары сабақты тек «5» деген бағаға оқуы керек! – деді аудан басшысы.

Кейінгі жылдары ауданның оқуда озат, білімге құмар оқушыларының облыс орталықтарындағы мектептерге ауысуы жиіледі. Аудан орталығынынан жаңа мектеп – лицей ашу – сол үдерісті тоқтатудың амалы. Әрі ауданға тереңдетілген білім беретін бір білім ошағының қажеттілігі әуелде туындаған.

Мектептің директоры Самал Батырованың айтуынша, жаратылыстану бағытында тереңдетіп білім беретін жаңа лицей алғашқы оқу жылын 62 оқушымен бастап отыр. Олар ауданның және көршілес аудандардың, Орал қаласының мектептерінен арнайы сынақпен, лицейдің 7, 8, 9, 10 – шы сыныптарына қабылданды. Мектеп – лицейде шебер — педагог, зерттеуші -педагог және сарапшы — педагог санаттарындағы ауданның білікті ұстаздары дәріс бермек.

Жаңа білім ошағының ашылуын Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, белгілі педагог Гүлзада Мұқанғалиева қуанышпен қабылдады.

  • Жаңа мектеп – лицей облыс көлеміндегі мектептермен тең дәрежеде болуына үміт артамын. Бұл нәтижеге білікті басшы мен білімді ұстаздың еңбегі ғана жеткізеді. Лицей жас ұрпақтың игілігіне қызмет етсін, әрбір сырымдық оқушы мәртебемен білім алатын құтты ордаға айналсын! – деді Г. Мұқанғалиева құттықтау сөзінде.

Ата – аналар атынан сөйлеген Айнагүл Ойшыбаева да оқушылар мен ұстаздарға табысты қадам тіледі.

Салтанатты жиыннан кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев лицейде оқушылармен кездесті.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің мектеп – лицейі үшін Жымпитыдағы балалар және жасөспірімдердің шығармашылық орталығының ғимараты жөнделіп, бейімделіп берілді. Бөлімнің басшысы Дайыр Сапаровтың айтуынша, қазірдің өзінде сынып бөлмелері сабақтар жүргізуге дайын, алдағы бірер айда шәкірттердің алаңсыз білім алуы үшін толықтай қолайлы жағдай қалыптасады. Келесі жылы ғимаратты күрделі жөндеу қарастырылған. Интернат мәселесі де келешекте шешілмек.

Аудан басшысы білім беру бөлімінің басшысы мен лицей басшылығына оқушылардың білім алуымен қатар сапалы тамақтануын, спортпен айналысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы