4.09.2019, 11:22
Қараулар: 79
«Кәрі құда» қыс та таяп қалды

«Кәрі құда» қыс та таяп қалды

Аудан өңіріндегі шабындықтардағы науқандық жұмыстар да саябырсып келеді. Өйткені, жаз айы да жылыстап қылышын сүйреткен қыс айы есік қағар күн таяу қалды.
Күні кеше ғана ауданға қарасты Сарой ауылдық округіне аттың басын тіредік. Басты жұмыс ауылдың тыныс-тірлігін білу, қыс алды тұрғындардың қам-қарекетімен танысу болатын. Ауылдық округтің әкімі Айбол Жакиев, аудандық мәслихаттың депутаты, «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі Ернар Байдашев ертелетіп біздерді қарсы алды. Әңгіме бағыты ауылдың қыс алды тірлігі, атқарылып жатырған жұмыстың жайына ауысты.
Ауыл әкімі Айбол Жакиевтің сөзінше, округ бойынша 147 700 центнер шөп дайындау жоспарланса, жоспардың күні бүгінге дейін 103 450 центнері орындалған.
Қыс алды жемшөп қорын дайындауға округте 17 шаруа қожалығы, 2 жеке тұлға білектерін сыбана кіріскен.


Ал, олардың арасында 26 трактор, 36 орақ, 14 шөп тайлағыш, 15 шөп үюші техникалар жұмыс істеуде.
— Шабындықтардағы өнім өткен жылдармен салыстырғанда әртүрлі болуда.
Мәселен, биылғы жылы көлдіктерге су шықпай қалды. Сондықтан да шаруалар тек қана қырлықтың шөбіне үміт артуда. Нәтиже көңілдегідей, қырлықтағы шөптің өнімі гектарына 2,5-3 центнерден беруде. Және бір айта кетерлік жағдай соңғы күндердегі жауындар да шабылған жерлердің қайтадан бой көтеріп көктеулеріне, малдардың жайылып, қоң жинауларына да өзіндік әсерін беруде, -дейді ауыл әкімі Айбол Жакиев.
Округте 4689 ірі қара, 11920 қой, ешкі, 3017 жылқы, 4 түйе бағымда.
Ауылдық округке қарасты «Қызылтаң» елді мекенінде орналасқан «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Ернар Байдашев сонау жылдары өңірге енгізілген фермерліктің тізгінін ерте ұстап, тәжірбиелігімен таныла білген марқұм Болат Байдашевтің жолын жалғастырушы ұрпағы. Бүгінде әке таяғын қолында нық ұстаған жас жігіт, қожалық басшысы Ернар Байдашев 92 бас қазақтың ақ бас асыл тұқымды сиырын бағуда болса, мұның сыртында 120 сиыр, 500 қой, 70 жылқы бағымда.


— Жалпы қожалықтың еншісінде 3600 гектардай жер болса, соның 200 гектары шабындық. Қожалықтағы  3 трактор, шөп тайлағыш, шөп үюші техникалар жұмыстың қарқын алуына басты себепкер болуда. Мәселен, қыс алды мал басы үшін қожалықта 2000(екі мың) бума шөп дайындалса, қыс кезіндегі ауа райының құбылмалы сәттеріне байланысты жылқыларға қосымша ретінде жемшөп қоры да дайындалуда-дейді қожалық басшысы Ернар Болатұлы.Қожалық басшысының сөзіне қарағанда облыс орталығынан бөлінген жанармайды тасымалдағаннан гөрі аудан орталығындағы жағармай бекетінен сатып алған әлдеқайда тиімді екен. Қымбатшылық, баға тұрақсыздығы дегендей шөп буатын бі\р орам жіптің бағасы да 9500 теңгеден бір-ақ шығуда.
Бірақ, қымбатшылық жағадан ала қысып отыр екен деп алақан жая қарап отырған жігіттердің санаты мұнда жоқ. Қожалықтағы Ержан Байдашев, Бектұрған Жайманов сынды жігіттері бар ортада еңбек сағаты дамыл табар емес.

                                                                  Мүсірбек АЙТАШЕВ
Суреттерді түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА