9.09.2019, 16:01
Қараулар: 298
Сырымдық Исатай Темірбаев Эльбрусты бағындырды

Сырымдық Исатай Темірбаев Эльбрусты бағындырды

38 жасар сырымдық Исатай Темірбаев әлемнің «жеті шыңына» кіретін әйгілі Эльбрус тауына шығып, теңіз деңгейінен 5642 метр биіктіктегі Кавказ мен Еуропаның ең биік нүктесін бағындырды. Темірбаевтың Батыс және Шығыс биігіне шығуы қыркүйек айының 5 жұлдызы күні сағат 09:30 – да тіркелді.

Эльбрус тауын бағындыру үшін 30 қазақстандық Орал қаласынан тамыз айының 28 күні жеңіл көлікпен аттанған. Кабардин – Балкария республикасына жеткеннен кейін олар әуелі Чегем тауына, кейін «105 – и пикет» шыңына шығып, климатқа бейімделу шараларынан өткен.

  • Алғашқы күндері араға күн салып, тынығып, 3000 метрдің шамасындағы биіктіктерге шығып, кері түсіп жаттығып жүрдік. Тауға шыққан үшінші күні тобымыз 5100 метр биіктікке көтерілді. Осы күн әуесқой альпенистердің көбіне қиын соқты. Ауа қысымының қатты болуынан жүрек айну, лоқсу басталды.

Таудың шыңына, 5642 метр биіктіктегі Кавказ бен Еуропаның ие биік нүктесіне шығуға 10 сағаттың үстінде уақытымыз кетті. Құрамның 13 мүшесі ғана бұл биікке жетті. Эльбрусты бағындырудағы басты мақсатым – өзімді сынап көру болды.- дейді Исатай Темірбаев.

Айта кетейік, Исатай Темірбаев – салауатты өмір сүру стилін ұстанатын жандардың бірі. Орал қаласындағы «Uralsk Runners» жүгірушілер тобының мүшесі түрлі марафондарға да тұрақты қатысып тұрады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы