11.09.2019, 12:04
Қараулар: 301
Мен қалай қауын өсірдім?

Мен қалай қауын өсірдім?

Көктем уақытынан бері анам екеуіміз біраз бау-бақшаның жұмыстарымен қызу айналысып бастадық. «Еңбегіне қарай – өнбегі» дегендей отырғызған көкөністердің барынша сапалы болуы үшін, алғашқы дәнектерінен бастап-ақ, қара топыраққа мұқият орналастырдық. Қияр мен қызанақ өз алдына картоп пен қырыққабат, асқабақ сынды біраз көкөністердің дәндерін септік.

 

Жинаулы тұрған дәнектер арасына қауынның да біраз дәндері бар еді. Мен бәрінен бұрын қауын егіп, өнім алғым келді. Қауын екпек ниетіме анам қарсылық танытып:

—  Қауын далада өсетіндік көкөніс. Ол аулаға бәрібір шықпайды. Сондықтан аулада бос орын алғанша орынына басқаларын еккеніміз жөн!» деді. Бірақ, анамның осы бір сөзіне құлақ аспадым.

— Қалайда еккен қауыным шығады, дәлелдеймін! —  дедім де үлкен әрі жауапты істің кіріспесін өзім қолға алдым. Анамның маған қараған көздерінен біраз сенімсіздігі байқалды.

Уақыт өте келе барлық отырғызған көкөністер ілгерілеп, жайқалып өсе бастады. Таң шұғыласы тараған уақытта ерте су құйып, олардың жайқалған тамаша көрінісі күн өткен сайын әспеттене берді. Бірақ қауындарым әлі аласа еді, мүмкін отырғызбауым керек пе еді деген әдепкі ойлар ойыма келе бастады. Жоқ, бұл істі бастаған соң жетуім керек,- деп серт беріп, интернет желісінен қауын күтімін қарап, оларды әрмен қарай баптауды жалғастырдым. Алагеуім уақытта ерте тұрып бақшаның арамшөптерін жұлып жүріп, кейіннен қауындардың арам шөптерін жұлмау керектігі жөнінде ақпарат оқыдым. Себебі, ыстық күнде жапырақтарына көлеңке болуы үшін олардың да жәрдемі керек болып шықты.

Бұлдыртымның жанарыма сыймайтын кермиық жазира даласы һәм құнарлы топырағы еккен дәнің мен еткен еңбегіңмен, маңдай теріңнің нәтижесі соңында ақталады. Бұл жаз айында буырқанып дауыл тұрып, бір күндері тып-тынық болып тамылжыды. Соған қарамастан қауындар түйнек бере бастады. Алғашында жап-жасыл болып өсті. Көлемі үлкен болған сәтте, енді оның сарғайуын күтуге тура келді. Ол кезде тек бір ғана қауын болса кейін, кең өріс алып, өшпес әсемдік шырмалып, өз ауқымын кеңейтіп, бірнеше қауындар өсе бастады. Мұндай уақытта қауындарға ыстық күн қажет. Өйткені, тез сарғайуы күнмен тікелей байланысты. Күн өте олар пісіп, еңбектің жемісін көрер күн жақындады. Анам, өзің еккен қауынды өзің үзіп әкел, еңбектеніп өсірдің,- деп сәл жымиып, осы алғырлығыма сүйсінді. Бақшаға барып, біреуін үзіп алып, иісі аңқыған қауынды ортаға әкеліп, дәмін көрдік. Кәдуілгі қауындарға мүлдем ұқсамайды. Дәмі бөлек, тәтті қауын лезде адамды тойдырып жіберді.

Мен қауынды осылай өсірдім. Анам менің бірбеткейлігіме, мақсатқа жетуге деген талпынысыма разы болды.

Жанерке МАТЫШЕВА,

газеттің жас тілшісі,

Бұлдырты ауылы