15.10.2019, 15:43
Қараулар: 153
Жас ақындар мен тілшілер үшін байқау жарияланды

Жас ақындар мен тілшілер үшін байқау жарияланды

Жас ақындар мен тілшілер үшін байқау жарияланды.

«Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің 3 қазандағы №39 журналист Мүсірбек Айташевтың «Жазушы Жәрдемге көше аты бұйырмай тұр!» атты мақаласы жарық көрді.

Мақалада Сырым ауданы, Аралтөбе ауылында дүниеге Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, ақын Жәрдем Тілековтің әдебиетке қосқан үлесі туралы айтылады. Жәрдем Тілековтың көзін көрген ағайыны С. Айтановпен сұхбаттасқан Мүсірбек Айташев жазушының есімі мен шығармашылығын таныту жұмыстарының өте төмен деңгейде екендігін айтады, оның атын аудан көшелерінің біріне беру жөнінде мәселе көтереді.

Осы мақаладағы Жазушы Жәрдемнің атын тірілту мен әдеби мұраларын насихаттау мәселесі облыс орталығындағы Қадыр Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығының атынан қолдау тапты. Орталықтың директоры, ақын, журналист Бауыржан Халиолланың ұсынысымен Сырым ауданында оқушылар арасында Жәрдем Тілеков атындағы жас ақындар байқауы өтетін болды.

Жас ақындар байқауымен бірге, Қадыр Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығы мен «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің редакциясы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист-жазушы Бақтығұл Ойшыбаев атындағы жас тілшілер байқауын да жарияламақ. Бақтығұл Ойшыбаевтың есімі мен еңбегі аудандық газетте оның журналист ұлы Кемелбек Ойшыбаев туралы «Кемелбекті кемел шағында құрметтесек!» атты мақалада айтылған еді. Қадыр атындағы орталықтың өңірдің әдебиеті мен рухани өміріне қатысты мәселелерден хабарсыз қалмай, қолдау жасауға ұмтылғаны көңіл қуантады.         

Жас ақындар мен жас тілшілерге арналған Ж. Тілеков пен Б. Ойшыбаев атындағы қос байқаудың ережесі «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің осы аптадағы санында жарық көреді. Жазуға құмар ауданның барлық оқушысының қомақты жүлделерге ие болу мүмкіндігі бар!

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы